Көксұйық
Жер-су аңыздары · 1 мин оқу
Сырдарияның жағасында Қандөз деген елді мекен бар, сол жерде үлкен, айналасы ат шаптырым бір құмды төбе бар. Ол жерді сол аймақта мекендеген ел-жұрт «Көксұйық» деп атайды. Ол туралы әртүрлі аңыздар айтылады. Кейбір кісілердің айтуы бойынша, көктемде дария тасыған кезде ескі Қандөз арықтардан аққан су Көксұйықтың айналасындағы сайларға лықа толып, сол құм су ортасындағы ұйықтай сүйірленіп, көкпеңбек болып жатады екен. Сол себепті ел оны Көксұйық деп, атайды екен десе, ендігі бір қызық аңызды осы елден Қарақалпаққа сауда ісімен барған кісілер естіп келіпті-міс. Ол жақта жасы 92-де бір тәуіп кемпір бар екен. Бұл жақтан барған кісілермен жөн сұраса келе: «Сырдарияның жағасында Көксұйық деген жер болатын еді деп жас күнімізде естуші едік, сондай жер әлі бар ма?» - деп сұрапты.
Әлгі кісілер: «Бар», - депті.
Кемпір: «Оны неге олай деп атаған білесіңдер ме?» - депті.
Әлгі кісілер: «Жер жағдайына байланысты солай деп атаса керек»,
- деген екен, кемпір өзінің білетін аңызын былайша баяндапты: «Баяғы бір жаугершілік заманда қалмақтың Көк деген батыры Қарақалпақтың Сұйық (Сүйік немесе Сүйрік болуы да мүмкін) деген қызына ғашық болыпты. Қыз да ынтық болса керек, екеуі ел дәстүріне қайшы келсе де, ыстық сезімнің өртін өшіре алмай, елден ұрланып кездесіп тұрады екен. Бір күні сезіп қалған қыз жағының адамдары екеуін ұстап алып, басқаларға сабақ болсын деп сол биік жоталы құмның түбінде өлтірген екен. Содан бермен қарай әлгі төбе екеуінің құрметіне «Көксұйық» деп аталған екен деседі. Сол аңыздардағы Көксұйық деп аталатын құмды биік төбе Қандөз елді мекені мен Сырдарияның арасында әлі де бар. Қазір дәл түбінен үлкен канал қазылғандықтан құм біраз шөгіп кішірейген. Сол жер маңғытай руының қайтыс болған кісілерін жерлейтін үлкен қорымға айналған.