Қ.А.Яссауи мавзолейінің салынуы туралы аңыз
Жер-су аңыздары · 2 мин оқу
Иранға аттанарда әмір кеңесі болған Құсайын Аббас секілді сақ әмірлер: «Сіз Иранға аттанған кезіңізде, Мауреннахрды мына Ақ Орданың көшпелі елі шауып жүрмесе нетсін, бұларға сену қиын ғой», - деп қауіптерін айтқан. Ақсақ Темір күлген.
– Онда мен сол көшпелі ағайындардың тимейтін жағдайын істейін. Әскерін қорғай алмайтын шекараны дінмен қорғайын. Әулие санаған Қожа Ахмет Яссауидің моласының орнына керемет үлкен мешіт салдырайын. Атын да әулиеге арнайын. Қожа Ахмет Яссауи мешіті дейін. Әулиенің құр моласына табынатын жұрт, оның мешіті тұрған жерді шабуға құдайдан қорқар, - деген. Және бұл мешіт біздің Қыпшақ даласына деген діни аттанысымыздың ошағы болсын.
Атақты Сайт-ата әулиенің ұрпағы Қожа Ахмет Шахыдиуана әулие Ақсақ Темір тумай тұрып, осы Сейхундарияға құятын Яссы өзенінің бойында өмір сүрген. Аңыз бойынша, пайғамбар жасына жеткенде «мен Мұхаммед әулиеден артық емеспін» деп жер астынан үйшік қазып алып, соған кіріп кеткен-міс.
Халық сол Қожа Ахмет тұрған жерді киелі санап табынып, басына түнейтін болған. Осы арадан сыртқа ағып жатқан бұлақ суын шипалы деп зәм-зәм суынан кем көрмеген.
Қожа Ахмет Яссауи мавзолейінің құрылысы 1397 жылдың күзінде, Темірдің Яссыға келуімен байланысты қолға алынған. Темірдің әмірі бойынша мавзолейдің орталық үлкен күмбезін диаметрі қырық бір кезге (71,1 сантиметр) мөлшерленіп, қалғаны осы күмбездің көлеміне лайық жоспарланды. Құрылысты басқару Мавлян Убайдулла Садрға жүктелген және соғыста тұтқынға түскен Исфагандық, Шираздық, Табриздік шеберлер әкелінеді. Жұмыс қолының көптігі сонша мавзолейдің кірпіші Яссыдан отыз шақырым жердегі Сауран шаһарының қасында күйдіріліп қолма-қол жеткізілген. Бұл кірпіш жөнінде де ел аузында бірден-бірге тарап келе жатқан әртүрлі аңыздар бар. Біреулер топырақты түйенің сүтіне илепті десе, енді біреулер адамның сүйегіне күйдіріпті дейді. Егер Темір қылышынан қан тамып тұрған кезде кірпішті солай істетті десе бұған ешкім де таласпас еді. Бірақ дін иелері оны да «әулиенің» кереметіне апарып таңады. Бұған кірпіштің Яссыда дайындалмай, сонау Сауранның балшығынан дайындалуы дәлел болмақ.