Көк тонды-ата
Тарихи-діни аңыздар · 1 мин оқу
Діншілердің айтуынша, бұл адам Қожа Ахмет Яссауимен айтысу үшін қырық есекке діни кітаптарын артып Бағдадтан әдейі келіпті-міс. Үстіне кілең көк түсті киім киіп жүретіндіктен Көк тонды-ата деп аталған. Өзінің шын есімі – Имам Марғұзи. Ұлты – парсы.
Марғұзи Қожа Ахмет Яссауимен қырық күн, қырық түн айтысады, бірақ жеңіліске ұшырайды. Сөйтіп, өле-өлгенше Қожа Ахмет Яссауиге қызмет қылады. Қожа Ахмет Яссауи дүниеден өтерінде «Көк тонды әулием, сен елге келген көкжөтелді айдаушы бол, менің шығыс жағымнан орын ал», - деп батасын беріпті-міс. Сонан кейін Имам Марғұзи осы күнгі Түркістан қаласынан сегіз шақырым қашықтықтағы Шобанақ деген жерді өзі қалапты-мыс. Сөйтіп, көкжөтелмен ауырған нәрестелерді емдеген. Өлген соң сүйегі Шобанақта жерленіпті-міс. Сол Шобанақта «Көк тондыатанікі» деген үстінде екі бөлмелі күмбезі бар ескерткіш қазір де тұр.