Икрам ишан
Тарихи-діни аңыздар · 2 мин оқу
Отырар ауданының Балтакөл аулында Икрам Ишан әулиенің кесенесі бар. 1850-1920 өмір сүрген Икрам Ишан тегі
– қожа, кезінде белгілі әулие болған Қасым Ишанның баласы.
Қасым Ишан 1770 жылы дүниеге келген, ал қай жылы дүние салғаны белгісіз. Кешегі сұрапыл соғыс жылдарында «медпункт» одан бері келе қойма ретінде пайдаланып, сұраусыз қалған кесенені Қазақстанға әйгілі тарихшы, археолог, ұстаз әрі бүркітші Адасқан Әлтаев атамыз 1980 жылдары тиісті жерлерге жазып жүріп мемлекеттің қарауына өтуіне ықпал жасаған еді.
Мақұлбек деген көнекөз қарияның айтуынша, кесененің іргетасы 1920 жылы қаланып, 1924 жылы біткен. Кесенені Икрам ишанның баласы Асқар Қары салдырған көрінеді. Іргетасын Бұхара ұстасы Әбдірәйім деген кісі қалаған екен. Ал, ауылдағы алып күштің иелері атанған Қоқанбай және Қожаберген деген аталарымыз салмақты қызыл кірпішті 12 метрлік биікке жеткізіп беріп тұрыпты.
Икрам Ишан сол ауылдағы 12 жасар Ырсымбет деген қойшы балаға 2 қойын қосып қойған көрінеді. Бірер аптадан кейін Икрам балаға:
– Шырағым, өткендегі екі қойды әкеліп тасташы, - дейді. Сонда бала әулиені алдамақ болып:
– Ой, көке, айтамын деп ұмытып кетіппін, өткенде сіздің сол екі қойыңызды, менің үш қойымды қасқыр шауып, тамақтап кетіпті, - дейді. Сонда Икрам байсалды кейіппен:
– Әй, шырағым, өйтіп өтірікші болма, ұят болады. Менің қойым анау жыңғылдардың арасында жүр ғой, - дейді. Қойшы бала сонда да беті бүлк етпей:
– Көке, мені өтірікші дейсіз бе, шын айтып тұрмын, - деп бет бақтырмайды. Өзінің ақ шалған сақалын сыйламаған балаға қатуланған әулие өкінішпен тіл қатып:
– Әһ, балам-ай, осыншама «дүниеқоңыз» боламысың. Айналдырған екі қой үшін арыңды сатып, өзіңді абыройсыз еттің, енді астыңдағы тайыңнан айырылатын болдың-ау, - деп бұрылып жүре беріпті. Көкесінің айтқанын аңдамаған Ырсымбет «қатырдым» деп мәз болып тайына таяй бергенде, тайы аяғы аспаннан келіп өліп жатыр екен.
Осыдан кейін ауыл адамдары өтірік айтудан аяқ тартатын болыпты.