Айқожа ишан
Тарихи-діни аңыздар · 1 мин оқу
Айқожа ишан білімін жетілдірмек мақсатында Ауғаныстанға барып, атақты ғұлама Ислам шайхтан төрт жылдай дәріс алады. Ғұлама ұстаз өзінің шәкірттерінің ішінде Айқожаның зеректігін, білімдарлығын, сонымен қоса сезімтал көрікпелдік қасиетінің бар екенін іштей байқап жүреді екен. Ислам шайх әдейі Айқожа мен өзге шәкірттерін сынамақ ниетімен үйіне шақырады. Өзгелері кіріп, Айқожа кірмей, босағада кілт тоқтап қалады. Ұстазы: “Неге кірмейсің?” дегенде, “Сіз өтер жолдағы қасиетті затты алдырыңыз, сонсын барамын”, - депті жас шәкірт. Сөйтсе, ұстазы ешкімге білдірмей, табалдырыққа құранды жасырып қойған екен. Шайх шәкіртіне өте риза болып, енді қайда болса да ұстаздық етуіне, білімінің кемелдігіне жеткенін айтып, ақ батасын беріпті.
Айқожа шамамен 1773 жылдары өмір сүрген. Бала кезінде байдың малын баққан. Жас кезінде ерекше зеректігімен көзге түскен. Айқожаның алтыншы атасы Дуана қожа (шын аты – Мәді қожа). Осы Дуана қожаның бесінші ұрпағы Темірқожадан Айқожа өрбиді. Жасынан білімге құмар Айқожа керуенге еріп, Ташкент қаласында белгілі Бектің үйіне қонады. Бектің екіқабат әйелі аруақты кісі екен, түсіне ұшып бара жатқан Айқожа енеді. Ертесіне ұйқыдан тұрған соң, сен келешекте үлкен аруақты адам болады екенсің деп, Айқожаға бата береді. Ташкенттегі Медреседе оқиды. Бұл білім жолына түсудегі алғашқы қадамы еді. Ташкенттегі ұстазы Бұхараға жіберетін болып, Айқожаны өзімен бірге алып кетеді. Айқожа Бұхарадағы оқумен де шектелмейді. Айқожаның Бұхарадағы ұстазы Ауғаныстандағы аруақты Ислам шайхтан дәріс алуға алып барады. Айқожа онда төрт жылдай оқиды.