Гауһар ана
Тарихи-діни аңыздар · 1 мин оқу
Гауһар ана – Қожа Ахмет Яссауидің қызы. Насабнамадағы дерек бойынша, Қожа Ахмет Яссауидің қызы Гауһар Хұштаджды Қожа Сүлеймен Уәлиге әйелдікке бергені жайлы айтылады.
Сүлеймен Уәли және Гауһар Хұштадж туралы мынадай аңыз бар: аңызға қарағанда, Сүлеймен Уәли – сайд әулетінен шыққан адам. Ол Қожа Ахмет заманында Қарашық өзенінің жағасына келіп, шатырын құрып жатады. Қожа Ахмет Яссауидің лашын құсы ұшып соның шатырына қонады. Оны Сүлеймен Уәли ұстап алып жібермей қояды. Соңынан іздеп келген Қожа Ахмет Яссауидің шәкірті әулие Мәлікті «өзі келсін» деп қайтарып жібереді. Қожа Ахмет Яссауи оның кереметін көріп, жолының үлкендігін сыйлап оған өз қызы Гауһар Хұштаджды әйелдікке береді.
Гауһар ананың мүрдесі Қожа Ахмет Яссауи кесенесінің шығыс жағында орналасқан. Басында шырақшысы бар, зиярат етушілер көптеп келіп тұрады.