Жылаған ата
Тарихи-діни аңыздар · 2 мин оқу
Қаратаудың етегінде Түркістан маңындағы бұрынғы Куйбышев атындағы совхоздың бір бөлімшесінде «Құрышқан ата» деген бір әулиенің мазары бар. Дін иелерінің айтуынша, оның шын аты «Уызхан ата» болса керек. Осы совхоздың Қаражон бөлімшесінде “Шаш ана” деген екінші бір әулие ананың қабірі бар. Мұны осы Құрышқан атаның бибісі деп атайды. Осы екі қабірдің басында да кішігірім күмбезді ескерткіші, күндіз-түні күзетіп отырған шырақшылары болған. Қазір төрт құлақ үйшік ғана тұр.
Құрышқан ата мен Шаш ана қай заманда өткені туралы ешқандай дерек сақталмаған. Бірақ кейбір жорамалдарға жүгінсек, XVІІІ ғасырда Түркістанды Қоқан хандығы билеген кезге жатады. Құрышқан деген кісі үлкен дінбасы, сол төңіректің имамы болса керек. Арғы жағында «Ақсерке» деген жердегі Бозбұтақ өзенінің бас жағындағы «Жылаған ата деген әулиені» осы кісілердің баласы деп атайды. Жылаған ата делінуінің мәнісі былай: Құрышқан ата мен Шаш ана екі бөлек тұрыпты. Бір күні ай күні жетіп Шаш ана еріне келе жатып, жолшыбай арбаның (үлкен екі дөңгелекті арба) үстінде босаныпты-мыс. Бірақ мес (перделі бала) табады. Осы төңіректе «Мес» деген жер бар. Оны Шаш ананың месті туған жері дейді екен. Бірақ Құрышқан атаға жеткенінше арбаның шайқатылуымен мес жарылып, бір бала шығады да, тұра қашады. Шешесі соңынан тұра қуады. Ақыры жетуге айналғанда бала: «Қара тас жарыл!»деп айқайлапты-мыс. Сол кезде таудан үңгір пайда болып, бала соған кіріп жоқ болады. Сол бала кейіннен Жылаған ата деген әулие атанады. Қазірде бір жар қабақта үлкен жылтыр тастың бетінен тершіп су тамып тұрады. Мұны Шаш ананың жылап тұрған «көз жасы» деп осы күнге дейін тәуап қылады. Онан әрі үлкен үңгір бар, оны Жылаған атаның кірген үңгірі дейді. Бұл үңгірдің кеңдігі соншалықты 500 қойды түгел сыйдырып қамауға боларлықтай. Үңгірдің түпкіріндегі қуыспен жүре берсе үлкен тас кездеседі. Мұны Жылаған атаның отырған, жатқан жері дейді. Осы тастың қасындағы балшықтан зияратшылар уыстарына сыйғанынша алулары тиіс. Бірақ сыртқа шыққанша уыста тұрып-ақ қатып қалады. Мұны Жылаған атаның кереметіне жорыған. Үңгірге жақын бір жар қабақта тесік көрініп тұр. Сонан анда-санда гүрілдеп су ағады да кенет тоқтап қалады. Және өне бойы аға бермейді. Кей күндері әлсін-әлсін ақса, кейде тіптен айлап ақпайды да. Мұны су алуға келген кісінің күнәсінің көптігіне әулиенің тілегін бермегеніне балаған.