Құсшы ата
Тарихи-діни аңыздар · 1 мин оқу
Құсшы ата жөніндегі аңызды сол ауылдың тұрғыны, зейнеткер, ұстаз Әжентай Жұматаев деген ақсақалдан естіген едік. “Аңыз бойынша Құсшы атаның шын есімі – Ахмет. Ол Қожа Ахмет Яссауидың тәлімін алған шәкірті, сонымен бірге оның құсбегілік өнері де болған екен. Қ.А.Яссауи дүниеден өтер шағында шәкіртіне Түркістанның шығысындағы жеті бұлақ қатар аққан осы нұрлы өңірді мекен етіп, кәсібін жалғастырып, ілімін таратуды аманат еткен деседі. Содан ел Әзіреті Сұлтанның шәкіртін құрметтеп «Құсшы ата» атаған екен. Сопылық жолды берік ұстаған Құсшы ата дүниеден өткен соң, ел оны әулие тұтып сиынған. Күні бүгін де ауыл маңындағы бұлақты ел-жұрт «Құсшы ата» бұлағы деп атайды.
Құлпытастағы жазуы – Құш (құс) ата. Аты – Яйддин. Құс салумен елді асыраған. Құстан тек қаршыға ұстаған. 7-11 қаршығасы болған. Құшата аталуының себебі – қаршығалары аспандағы торғай сықылды еркін ұшып жүрген. Атын ерттей бастағанда үш қаршыға, мінгенде бес қаршыға болған. Егер қасқыр кездесетін күні жетеуі төбесінде ұшып жүрген. Ел ашыққан жағдайда ғана он бір қаршығасы түгел көрінген. Әр қаршыға бір-бірден ғана қоян алған. Ауыл маңының тышқан, қояндарына тимеген. Байлы ауыл маңына өздері бағыттап алып баратын болған. Құшата құстарын қатты қадірлеген, егер өле қалған жағдайда құстарын арулап, құран оқып, ас беріп көмген.