Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

«Абылай аспаған сары бел» аталған жер (І нұсқа) (1-бөлім)

Тарихи аңыздар · 3 мин оқу

Ғаламда он сегіз мың жан болыпты,
Бұл сөзім білгендерге таң болыпты.
Әлеумет, құлақ салып тыңдасаңыз,
Қазақта Абылайдай хан болыпты.

Сол Абылай хан Алатаудағы қырғызға, қалмаққа аттанып жорыққа бара жатқан жолында Өрдегі қаз дауысты Қазыбек бидің елінде бір үлкен асқа кез болып, сол аста барып тұрғанда, Шаншар деген елде желбас бозбалалары аңыз қылыпты:

—Анау тұрған ханның басындағы бөркін қағып түсірер ме еді, не қалар қылар еді?—деп.

Сонда қаз дауысты Қазыбектің інісі—«мөр таңдайлы Балапан» деген арт жағынан барып, андаусызда ханның басындағы бөркін шыбықпен қағып түсірді. [Хан] дәнеме демеді, жердегі бөрікті басына кимеді, қалған бойымен жерде қала берді.

Замандардан заман өткенде қаракесек, төртуылдың қалашысы Қызылжар, Көкшетауға базар шығып барғанда, сол басынан бөркін қағып түсіргенін ұмытпай жүр екен, соны сөз қылып қозғап, төртуылдан Ботақанды, қаракесектен Жанай дегенді байлап алып қалыпты дейді.

Қазымбеттің баласы—Қанай, Жанай,
Ортаншысы—Атымбай, кенжесі—Анай.
Қараұзақ пен Сарыұзақ қара қалған,
Қол тигесін сұраймын, әлде қалай?—

дейтұғын өлеңге қосылған Жанай соқыр—Бибаланың әкесі, қаз дауысты Қазыбектің немересі.

Ботақан байланғанына ызаланып, долданып, ызаланып, ас-су ішпей, тұтқында жатып өліпті де, Жанай байлауда жатып, отын оттап, суын ішіп жата беріпті.

Базаршы келген соң, төртуыл, қаракесек намыс қылып, көтеріле атқа мінді дейді. Қаз дауысты Қазыбектін баласы Бекболаттың алпыс бестегі күні екен, Едігенің жиырма бестегі күні екен....

Сол күнде Бекболаттың қыстауы Жамандалбада батырдың Бейсені қыстап отырған «Қаратомар» деген жер дейді. Едіге бидің қыстауы «Қарағайлы бұлақ» деген жерде, үлкен тоғайдың түбінде екен. Бекболат пен Едіге атқа мініп, бес Мейрамның баласына ат шаптырды, қол жиды дейді: «Абылайды шабамыз» деп.

Күлік Шобалай Жаңабатыр биге кісі жіберді дейді: «Дуагөй болсын» деп.

Жаңабатыр бидің қартайған кезі екен, өзі жүрмеді дейді, баласы Жанақты жіберіпті дейді:

—Бекболат пен Едігеге сәлем де! Ханын жаулаған қалмақ оңбаған. «Ханын шайқаған қара оңбайды».... «Абылаймен ұрыс қылмасын, бітім қылып жарассын,—дейді,—арашашы бол!» деп қосты дейді.

Үш мың кісі жиылып, Мейрам болып атқа мінді дейді. Бұл хабарды естіп, керей, уақ дүрлігіп үркіп, ішке түсіп кетті дейді. Көп замандар өткеннен кейін Тұрлыбек атқа мінген соң, керейді көшіріп алып келіп, қалың Шұбарды қоныс қылып берді. Сонда да уақтың бәрі іште қалды дейді.

Бұл хабарды естіп, «Мейрам болып атқа мінді, сонан ауыр қол келеді, деп, істі қол келеді» деп сескеніп, Абылай Көкшетаудан қозғалып, Жолдыөзекке қарай кешті дейді.

—Мұның басшысы Бекболат шығар, дәуде болса: «Абылайдың басын алмасам, не қара қазанын қақ айырмасам, әкем Қазыбектің әруағы ұрсын!»—деп атқа мінген шығар. Қара қазанды жұртқа тастап, көшіңдер. Жұртта қалған қазанды қақ жарып, ашуын бассын,—дейді,—серті сынсын және мұның ішінде Орта жүзге ұран болған Олжабай бар шығар, туын қандамай, оның ашуы басылмайтын. Сиыр атаулыны жұртқа тастап көшіңдер, соны сойып, туын қандасын. Сонан соңғы жай белгілі, сонан соң жарасып, бітімге көнер,—дейді.

Қара қазанды жолына қалдырып, сиыр біткенді қалдырып, атығай, қарауыл қопарыла көшті дейді.

Ауыр қол Көкшетаудағы қоймасын талап, сиырды сойып, туларын қандасып, мәре-сәре болып жатты дейді.

—Бұған елші жіберелік,—деп ақылдасып, Орманшы Ақсары- Шотананың Шотанасын Абылай ханға елшілікке жіберді....

Шотана барып, Бекболат пен Едігенің алдына отырып сөйледі дейді:

—Ханға бардым. «Алдияр» деп, алдына тікемнен тік тұрып, сонан соң отырып:

Тарихи аңыздар

Барлығы: 695 аңыз

Тағы оқыңыз