Абылайдың тұтқын болуы (V нұсқа) (4-бөлім)
Тарихи аңыздар · 3 мин оқу
Қалдан Шеріннің тоқсан сәргердесі бар екен, бәрін қаз-қатар үй жағалай тұрғызыпты. Өзі тақтан түсіп, сәргерделерінің біреуі есепті болып отырыпты. Төрден босағаға шейін жан отырарлық орын қалдырмапты. Және:
—Кіріп келгенде ешбірің қағылып орын беруші болмаңдар!—депті. Қалдан Шеріннің тағы болады екен, тақ үстінде тастан жасаған жеке ханның орнына арнаған «Құдайы» болады екен. Абылай хан кіріп келсе, тақ төрінің үстінде кісі жоқ, тастан жасалған құдайсымағы тұр. Абылай хан жан-жағына жалтақтап қарамастан тақ үсті бос тұрғанын көріп, тұпа-тура барып таққа мініп, Қалдан Шеріннің орнына қасқиып отырып алды дейді.
Құдайының қасына отырғандығы шаншудай көрініп, қалмақтар қауқылдасты дейді. Сонда Абылай айтты дейді:
—«Жақсы кезекке таласады, жаман отыратын орнынан адасады». Отыратұғын орнынан адасатұғын мен жаман ба? Тақ үстінде ханның орны болады, оның құты қашты, менің әруағым, бақ-талайым жоғарылап асты. Сондықтан өз орнын ол тастай қашты. Бұл орынға қалмақтың ханы Қалдан Шерін отырмағанда, қазақтың ханы Абылай отырмағанда, шайтан отыра ма?—дейді.
Қалмақтар өзді-өзі бір-біріне қарасып:
—Бұған не айтамыз? «Аталы сөзге арсыз таласады» деген,—депті.
Қалдан Шерін өзін танытпаймын деп, ұрылып қалғанын білді:
—Уа, Абылай, Сәру қайда?—дейді.
—Сәрумін деп Сәру айтпады, кеспеймін деп қару айтпады,—дейді.
«Сәру қайда?» деп үш айтты, үшеуінде осы ретті жауап қайырды. Қалдан Шерін жауап қайтарып дәнеме дей алмады.
—«Қолға түстім-ау, пенде болдым-ау!» деп ойыма дәнеме келмейді. Өлсем ойымнан, тірі болсам, бойымнан кетпес үш арманым бар. Бірі—Сәруді мен қан майданда жекпе-жекте өлтіріп едім. Сен ата қалмаққа сауын айтып, әскер жібергенде, мен исі қазаққа сауын айтып, қыл құйрықты қазақты жиып, Сәруше қан майданда өлмей, сәйгел қуалап шыққан тайыншадай, түлкі қуып, бүркіт салып жүргенде, қапыда түстім-ау!»—деп армандаймын. Бірі—«қазақтың арқасын тамға сүйремей, аузын нанға бөлемей, құлан, киіктей құба жонда тиянақсыз, тұрақсыз қалдырдымау!»—деп соған армандаймын. Бірі—«төрт атадан бері қарай жалғыз едім, туысқаным жоқ еді, балам жоқ еді. Өліп кетсем, бір өзім емес, төрт жанның тұқымы құрығаны ғой!» дегенім болмаса,—дегенде, Қалдан Шеріннің басы төмен салбырап кетіп:
—Мен де өзіңдей төрт атадан жалғыздап келген жан едім. Бұ дағы мынау Ежен қарағым, бөбегім сықылды екен,— дегенде, Абылай:
—Алдияр хан, төреңізге құлдық,—депті.
Қалдан Шерін:
—Сен қуанғандай, не төре тиіп қалды?—депті.
Абылай айтыпты:
—Мені алдыңда отырған «көзіңнің ағы мен қарасы» бөбегіңе теңедің. Өз бөбегіңді өзің өлтіресің бе?—депті.
Қалдан:
—Жарайды, жөн,—депті.
Өзге жұртты тарқатып, Абылайды оңаша алып қалып, Еженді бір тізесіне, Абылайды бір тізесіне отырғызып, мәре-сәре болысып, «құлындағы сақауын, құнандағы тісеуін» айтысыпты:
—Қазақта қой көп пе?—деп сұрапты.
—Көп болады,—депті.
Қалдан:
—«Қой—ұры, қойшы—өтірікші» деген, ауыл үйдің арасынан ұсақ жанжал үзілмейді десейші,—депті.
—Қазақта сиыр көп пе?—депті.
—Көп болады,—депті.
Қалдан:
—Қазақтың баласы айранға сеніп, еңбекке еріншек, ақымақ болады десеңші,—депті.
—Қазақ егін сала ма?—депті.
—Жоқ, салмайды,—депті.
Қалдан:
—«Жер—анасы, адам—баласы» деп еді. Жер емшегін ембей, жерге бауыр баспайды. Әлі де неше төңкерісті басынан кешеді екен,—депті.
Екеуінің әңгімесі таусыла ма?
Аюкенің қызынан туған Топыш сұлуды Абылайға беріп, қазақтан не заманда олжаға түскен, өсіп-өнген бірталай жанды Абылайға байлап, рулы елдей қылып қайтарыпты. Кенесары, Наурызбайдың әкесі Қасым осы Топыш сұлудан туады. Топыш сұлудың бауырлары: Қырғын, Күш Абылайға қашып келіп, паналап, олардың үрім-бұтақ, жұрағаты Атбасар үйезінде, Терісаққан бойында Қарақұйын, Қашырлы елінде[гі] қалмақтар деседі. Өсіп-өніп кеткен бірталай жан.
Біз бұл сөздерді Мұса, Секербай заманындағы қариялардан естідік. Енді заманның тарихы, шежіресі бізге бәрі өтіріктей көрінеді.