«Абылай аспаған сары бел» аталған мәнісі (ІV нұсқа) (1-бөлім)
Тарихи аңыздар · 2 мин оқу
Абылай хан Алатауға жорыққа бара жатып, Қаракесек-Шаншар деген елдің бір ұлы жиын асына кез болды дейді. Сонда сол аста «ішкен мас, жеген тоқ» ерігіп тұрған шаншардың желбастары аңыз қылысты дейді:
—Басындағы бөркін біреу қағып түсірсе, хан хандық қылып, қандай қаһар қылар еді?—дескенде, қаз дауысты Қазыбектің інісі—«мөр таңдайлы Балапан»:
—Оны құр айтып қойғанша, көру керек,—деп артынан барып, аңдаусыз, абайсыз тұрғанда, ханның басындағы бөркін шыбықпен қағып, жерге түсіріпті.
Хан қаһар да қылған жоқ, дәнеме деген жоқ:
—Бүгін «ішкен мас, жеген тоқ», кімде ес бар дейсің?— деп хандық қылды,—жерге түскен бөрікті басқа алып киюге жарамайды,—деп,—қалған жерде қалсын,—деп бөркін жерден алдырмады, жүре берді дейді.
Күндерден күндер өтіп, ол ұмыт болып кетіп, Қызылжар базар болған соң, қаракесек, сүйіндіктің базаршысы көтеріле Қызылжарға базар базарлап баратұғын болып, көп базаршы барғанда, өкпесі-кегі баяғы бастан бөрікті қағып түсіргендік болып, қаракесектен бір кісіні, төртуылдан бір кісіні тірі ұстап алып қалып, екеуін тірілей көрге салып тастады.
Сонда қаракесектен алып қалған кісісі қаз дауысты Қазыбектің немересі Қазымбеттің баласы Жанай екен.
Қалдыбай Шөженің өлеңінде бар:
Қазымбеттің баласы: Қанай, Жанай,
Ортаншысы—Атымбай, кенжесі—Анай.
Қараұзақ пен Сарыұзақ, қарақалпақ
Қолыткесін сұраймын әлдеқалай.
Төртуылдан алып қалған кісісі Ботақан деген екен. Абылай хан екеуін тірілей көрге салдырып, үйіне келді.
Ханымы айтты:
—Төре, кешігіп қалдыңыз, қайдан келдіңіз?—дейді.
—Ботақанды тірілей көрге салып келдім,—дейді.
Ханымы айтты:
—Бұ Орта жүзден бізге дәм бұйырмаған екен, шығарыңыз көрден Ботақанды!—дейді.
Абылай бір кісіні жіберді:
—Көрден шықсын!—деп.
Бұ кісі барып, Ботақанға айтып еді, Ботақан: «Шықпаймын! «дейді.
Жіберген кісі Абылайға қайтып келді. Ботақанның «шықпаймын» дегенін айтып келді. Абылайдың өзі келді, інінен тартып:
—Шық!—деп.
Ботақан:
—Өлгенде жататұғын көріме тірілей жатым. «Үйге кірген құр шықпайды, көрге кірген тірі шықпайды» деген. Бүйтіп жұрт көзіне көрінгеннен, өлгенім артық,—деп ыза бойына сыймай, долданып, жүрегінің басынан тарс етіп жарылып, өліп кетті дейді.
Бұл хабарды естіген соң Орта жүз намыстанды. Сол күнде Қазыбек өлген екен де, Қазыбек баласы Бекболат алпыс бестегі күні екен. Едіге бидің жиырма бестегі күні екен. Едігенің қыстауы—Жақсы Далбада Қарағайлы бұлақ, Бекболаттың қыстауы Жаман Далбада, осы күнгі Батырдың Бейсені қыстап отырған жер екен.
Бекболат пен Едіге атқа мініп, Бесмейрамды жиды дейді: «Абылайды шабамыз» деп, үш мың кісі жүруге бетін түзеп. Сонда Бекболат пен Едіге Күлік Жаңабатырға [кісі] жіберді дейді:
—Дуагөй болып, алдымызға түсіп жүрсін,—деп.
Сонда Күлік Жаңабатыр өзі жүрмеді, баласы Жанақты жіберді дейді.
—Ханын жаулаған қалмақ оңбаған, «ханын шапқан қара оңбайды» деген. Бекболат пен Едігеге сәлем де: «Абылаймен жарассын, арашасы бол!»—деп қосты дейді.
Сонда «Мейрам болып атқа мінді, үш мың кісі қол келеді, ішінде Алтай Жиенелі батыр, Айдабол Олжабай батыр бар, тағы сондай атақты ерлер бар» деген соң, керей, уақ үркіп, ішке түсіп кеткен екен. Уақ сол бойымен іште калды, керейді кеше Тұрлыбек ат арқасына мінген соң, ап келіп орналастырған екен.