Абылайдың тұтқын болуы (V нұсқа) (2-бөлім)
Тарихи аңыздар · 3 мин оқу
«Үш жылға шейін, ит енеңді сі...ін, сенен өшімді алармын, қыз-келіншек, енеңді сі...ін, сенен де өшімді алармын»,—деп ант қылған екен, жұрт та өлтіруге анттасқан екен. Қалмақтың бір сыншысы айтты дейді:
—Бұл жай кісі емес, хан баласы. Мұнда кие бар. Мұны отқа салсаңдар, еліңді өрт алады, суға салсаңдар, еліңді су алады. Мұны қалай өлтірсеңдер де, зор апатқа ұшырайсыңдар,—деген соң, мыс қыздырып, екі көзіне ұстап, екі көзін дәнемені көрмейтұғын су қараңғы соқыр қылып, қоя беріп, сонан сон қалмақ бүлініп, бордай тозған екен. «Ханын қалмақ жаулаған, сөйткен қалмақ оңбаған» деген сөз кейінгіге мақал болып қалған екен.
Қалмақ заңы «екі қатын алса, ел бүлінеді» деп, екі қатын алмайды екен. Қалдан Шерін екі қатын алған екен. Себебі мынау: «он сан оймауыт, тоғыз сан торғауыттың ханы» болған кәрі Аюке Тіпсіре—Шабдаршаптың баласы жалғыз қызын қырық қыз жолдас қосып, Қалдан Шерінге жіберген: «кімге берсе, билігі Қалданда» деп. Бара жатқан жолдарында қыс ерте түсіп кетіп, қар қалың жауып, жүре алмай қалған. Қазақтың бір мергені оқтай ұшырап, қыздардың өздеріне тастан үй қалап беріп, көліктері түйе екен, түйелеріне тастан қора қалап беріп, аң атып, аң етімен бір қыс асырап-сақтап, қыстан шығарған. Қалдан Шеріннің қаһарынан қорқып, қыз тие алмай, мерген ала алмай, жаз шыққан соң, қыздар Қалдан Шерінге қарай кетіпті. Осы қыздардың бір қыс қыстаған жері Қарқаралы үйезіне қараған жерде Боқтыкент деген тауларда. Тау басында «Қызыл кеніш» атанған. Біздің қазақ «Қызыл кеніш» әулие деп, соған да түнеп жүрді.
Бұл қыздар Қалдан Шерінге барыпты. Қыз заманасындағы жұрттан асқан сұлу екен. Басқаға беруге қимай, Қалдан Шеріннің өзі тоқалдық[қа] алыпты.
Қарабас ханым деген атақты ханымы бар екен де, онан туған Ежен деген жалғыз баласы бар екен. Қалмақ заманында екі қатын алмайды екен. «Екі қатын алса, ел бүлінеді» деп. Қыз «салт атты, сабау қамшылы» болмай, екіқабат, буаз шығып, ер ұл тауып, «жолдан қыстырылған сына тәрізді болды» деп, атын Сына қойыпты. «Сына батыр» атанып жүрген Сына—осы. Аюкенің бұл қызы Қалдан Шеріннен екі қыз, екі ұл тауып, қыздарының аты Барын, Топыш, ұлдарының аты Қырғын, Күш аталыпты.
Қалдан Шерін айсыз қараңғы түнде далада с...п отырса, с...гіне келіп бір нәрсе шылп ете түсіпті. Үйіне ап келіп, жарық қылдырып қараса, садақтың оғы екен, ұшында метін (митын) бар екен. Ол метін Қалдан Шеріннің өз талысында жататұғын метін екен. Тоқсан ұстасы бар екен, бәрін жидырып:
—Мына оқты қайсың жасадыңдар?—дегенде, бір ұста:
—Оны жасаған мен едім,—депті.
—Кім жасатты?—дегенде:
—Өзіңіздің нақсүйер тоқалыңызд[ың] тұңғышы Сына батыр жасатып алып еді,—депті.
Ләм-мим дәнеме деп жанға сездірмепті. Ұйықтап жатқанда Сына батырдың мұрнына дәрі иіскетіп, талдырып тастап, оң жауырынының шеміршегін ойдырып алдырып тастап, аюдың ақ дәрісін септіріп тастапты. Бір заманда Сына батыр есін жиып, басын көтеріп, тұра келіпті, дәнемені білген, сезген жоқ. Сына жақ атып, садақ тартайын десе, төбесінен Құдай ұрғандай болып қалғанына наза болып, үйге келіп еңіреп, ботадай боздады дейді. Шешесі:
—Не болды, кім тиді?—деп сұрап еді:
—Денем сау, қолымда ауырған, сырқаған дәнеме жоқ. Садақ тартып, жақ ата алмайтұғын болыппын,—деді.
—Балам, ұрылған екенсің. Енді тырп етсең, көзінді жойылтады, қарашығынды батырады. Тұрма, көзінді жоғалт, қалмақ ортасында жүріп, жан сақтай алмайсың! Қазақ жұртыңа кете гөр осы аманыңда,—деп, Қалдан Шеріннің қас болғанын айтыпты.