Абылайдың тұтқын болуы (V нұсқа) (3-бөлім)
Тарихи аңыздар · 3 мин оқу
Сына батыр сол қашқаннан қашып, Абылайға келіп қорғалап тұрып қалыпты. Қалдан Шерін де қайда барса да, өзіне қастық қыларын біліп, іздетіп, таба алмай, Абылайға барып қорғалағандығын естіген соң, Абылайға елші жіберіпті:
—Менімен жауласпай, тыныш тұрамын десе, Сына батырды тірідей қайырып берсін!—деп.
Абылай хан:
—«Бұтаға қорғалаған торғай да қалады» деген сөз бар еді. Бұта құрлы болмасам, тірі болғанда неге жараймын?—деп, бермепті.
Қалдан Шерін жер үстіндегі қалмаққа жар шақыртып, [...] «Сүзекінің қолы» деген қол аттандырыпты.
—Бір жерден емес, әр жерден аңдытып, судан балық сүзгендей, Сарыарқаны түгел аралап кезіңдер! Абылайды маған тірі ұстап алып келгендер[іңе] Аюке қызынан туған Топыш сұлуды беремін,—деп.
Мұны естіген соң жайсаңдарда жан қалмады, көтеріле атқа мінді. Бір Жалбы деген жайсаң[ы] көп қосынменен жүріп, Тарбағатай, Шыңғыс таулары жақта «Жалбы жолы» атанған жол бар деседі. Ала жаздай кезіп, ұшырата алмай, қыс түсіп кетіп, Ұлытау, Кішітауда бүркіт салып жүргенде ұшырасып, аң аулап қаңғып жүрген уақ Өтеген мергенді ұстап алып, ол айтпапты. Бір Тілеуімбет деген жаман қарауылшысы бар екен, ол ит ұйықтап қалып «қарауылшымыз бар ғой» деп қапы қалып, қасындағы қанша жолдастарымен ұстап алыпты. Абылай жүрген жорықшылардан жөн сұраса, бір ғана өзі үшін аттанған қосын екенін білген соң «күтінбеген елді шабыншылыққа ұшыратпас» деп:
—Іздеген Абылайың—мына мен,—деген соң Қалданның жіберген қосыны тапсырған Абылайын тапқан соң, жоғалтып жүрген тайыншасын тапқандай қуанып, алып қайта беріпті.
Қалдан Шерін «Абылайды тірі ұстап алып келеді» деп естіген соң, айдалаға ақбоз үй тіктіріп, құда, күйеу түсетұғын үйдей жайнатып, төсеніш төсеп:
—Абылайдың жалғыз өзін сонда кіргізіңдер,—депті,—жеті күн, жеті түн ас-су бермеңдер, қарны ашсын, қалжырасын. «Бір күн қарны ашқаннан қырық күн ақыл сұрама» деген бар ғой,—депті. Айтқанындай қылыпты. Сегізінші күнде:
—Тола аяқ қара суға тобықтай тоң май салып апарып, қолына ұстата қойыңдар,—депті.
Айтқанындай қылып апарып қолына ұстатқанда:
—Үрсем кетпейтін неме едің, өпсем аузыма келер емессің ғой,—деп аяқты төрден есікке қарай лақтырып жіберіпті.
Көзімен көргендер көрген-білгенін айтып барғанда:
—Шіркін, анық бекзат, шын дегдардың өзі екен ғой,— десіпті.
—Енді бір төрт жендет түстеріңді суытып, төртеуің де қолдарыңа жалаңаш қылыш ұстап жалақтатып: «ханнан жарлық болды, қарадан жабдық болды. Сенің мейманаң толды. Берген асты ішпесең, мә, өзіңнің қанынды іш!»,—деп дүрсе қоя беріңдер. Тайсалса, қайғалақтаса, басын шауып тастаңдар. Жасқанып жалтақтамаса, тимей қайтып келіңдер, не қылып, не қойғанын айтып келіңдер!—деп жіберіпті.
Бұлар Қалдан Шеріннің айтқанындай қылып жетіп барғанда:
—Алладан басқадан ажалым болмақшы емес,—деп сескенбей, шімірікпей, сарқасқа текедей қасқайғаннан қасқайып отыра берді дейді.
—Мынаның өзінде жан жоқ қой. Жаны бар жан жасқанбас па?!—деп қайтып келіпті, көрген-білгендерін айтып келіпті:
—Атса, мылтық өтпейтұғын, шапса, қылыш өтпейтұғын, суға салса, батпайтын, отқа салса, күймейтұғын, сырты—болат, іші—құрыш, өзіне-өзі әбден сенген қу ғой,— десіпті.
—Екі сыннан өтті, енді бір сын қалды. Оны да орындатайық,—деп,—өзін мұнда шақыртыңдар. «Қардың басын қар алады, ханның басын хан алады» деуші еді. Қалың қалмақтың жиылған тобының ішінде басын өз қолыммен кесіп, ту сыртынан жарып, өтін өз қолыммен алып, қанын ұрттаймын!» деп шақыртты деңдер. Үрейі ұшып, құты қашып, қалбалақтап кіріп келер ме екен? Жоқ өңі-түсі қашпай, сескеніп, шіміркеніп аяқ баспай, жаймашуақ, жадағай [көр]кейіп келер ме екен? Бұ да—бір сын,—дейді.