Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

«Абылай аспаған сары бел» аталған жер (ІІІ нұсқа) (1-бөлім)

Тарихи аңыздар · 3 мин оқу

Ғаламда он сегіз мың жан болыпты,
Бұ сөзім білгендерге таң болыпты.
Әлеумет, құлақ қойып тыңдасаңыз,
Арқада Абылайдай хан болыпты.
Қылады Мекержіде, байлар сауда,
Топ бұзар батыр жігіт қалың жауда!
Сұрасаң Абылайдың тұрған жерін,
Хан болды қырық сегіз жыл Көкшетауда.

Сол Абылай Алатаудағы қырғызға, калмаққа жорыққа аттанып бара жатқан жолында, қаз дауысты Қазыбек бидің елінде бір ұлы жиын асқа кез болыпты. Сол асқа Шаншар деген елдің желбас бозбалалары аңыз қылысыпты.

—Анау тұрған ханның басындағы бөркін қағып түсіргенге не қаһар қылар еді?—десіп.

Сонда қаз дауысты Қазыбектің інісі—«мөр таңдайлы Балапан» арт жағынан барып, ханның артында тұрып, аңдаусызда шыбықпен басындағы бөркін кағып түсірді дейді.

Хан дәнеме демеді: «Ішкен—мас, жеген—тоқ!»—деген осы ғой. Жерге түскен бөрікті қайта алып киюге жарамайды, «жерде қала берсін» деп бөрікті жерден алдырмады. Сол бойымен бөрік жерде қала берді, хан да үн жоқ, түн жоқ жүре берді.

Замандардан заман өткенде, Қызылжарда жәрмеңке болып, базар ашылған кезде қаракесек, төртуылдың базар базарлап барғандардың ішінен төртуылдан Ботақанды, қаракесектен Жанайды байлап алып қалды. Абылай хан Ботақанды тірілей көрге салдырып, үйіне келді.

Ханымы:

—Қайдан келдіңіз?—дегенде:

—Ботақанды тірілей көрге салып келдім,—дейді.

Ханымы:

—Көтек, не дейді? Бұл Орта жүзден бізге дәм бұйырмаған екен, шығарыңыз көрден,—дейді.

Абылай бір кісіні жіберді:

—Көрден шықсын!—деп.

Бұл кісі барып, Ботақанға айтты. Ботақан:

—Шықпаймын!—дейді. Жіберген кісі Абылайға барды:

—Шықпайды көрден,—деді.

Абылайдың өзі келді, иінінен тартты:

—Шық!—деп.

Ботақан:

—«Үйге кірген құр шықпайды, көрге кірген тірі шықпайды» деген. Енді мен шықпаймын,—деп сіресіп, жата берді.

Хан өзі көрден бері тартып шығарайын деп жатқанда, жүрегінің басынан тарс етіп жарылып Ботақан өлді.

Орта жүз намыстанды. Бесмейрам болып аттанып, Абылайды шаппақшы болды. Сонда Бекболаттың алпыс бестегі күні екен. Едігенің жиырма бестегі күні екен. Ол күнде Бекболаттың қыстауы Жамандалба-Батырдың Бейсені отырған жері екен. Едіге бидің қыстауы Жақсыдалба- Қарағайлы бұлақ екен. Бекболат пен Едіге тізе қосып, атқа мінді. Бес мейрамға кісі шаптырды. Күлік Шобалай баласы Жаңабатыр биге кісі жіберді: «Дуагөй болып, алдымызда жүрсін!» деп. Сонда Жаңабатыр:

—Мен қартайдым ғой. Өмір бойы отырған жұртыма өрт салып, көшкенім жарамайды ғой. Мен бармайын, сен бар,— деп, баласы Жанақты жіберді,—Бекболат пен Едігеге сәлем де! Ханын жаулаған қалмақ оңбаған. «Ханын жаулаған қара оңбайды, хан қисайса, бәрі оңбайды» деген. Абылаймен ұрыспасын, бітім қылып, жарассын! Арашашы бол, елдестіруге жаһат қыл!—деп қосты дейді.

Үш мың кісі атқа мінді, Мейрам болып көтерілді деп есіткен соң арғын, керей, уақ үркіп, ішке түсіп кеткен екен де, керейді кеше Тұрлыбек ат арқасына мінгенде іштен алып шығып, қалың Шұбарға қойдырған екен. Уақ сол бойымен іште қалыпты. «Арғын, найман атқа мінді» деген сөз көтеріліп кетіп, Абылай үркіп, көше қашты дейді. Сонда Абылайдың ханымы айтыпты:

—Кеше өзің көрген қаз дауысты Қазыбектің баласы Бекболат алпыс бесте атқа мінді. Ол жай мінген жоқ, ант айтып, серттесіп мінді. «Не Абылайдың басын алмасам, не қатынын ат көтіне салмасам, не қара қазанын қақ айырмасам, әкем Қазыбектің әруағы өзімді ұрсын!» деп атқа мінді. Қара қазанды асулы бойымен жұртта қалдырыңыз. Және сиыр атаулыны айдатпай, жұртқа тастатыңыз, «Бір күн қарны ашқаннан қырық күн ақыл сұрама» деген қайда? «Ас атасын танымас» деген тағы бар ғой. Сиырды сояр да, асулы қазанға асып жеп, тояр-ды. Сонан соң ашу басылып «соғысамыз» деген сөзін қояр-ды,—деп, қара қазанды асулы бойымен жұртқа қалдырып, ордасымен жүре үш көшіп барып отырыпты.

Жасанған қол көшкен елдің жұртына келіп, жайылып жатқан сиырды көріп, асулы қазанды көріп, сонда Бекболат ат үстінде тұрып, найзасымен қазанды жаншып, түйреп тұрып сөйлепті:

—А, жұрт, Абылай—тек жаралған жан емес, қас әулие. Ондай кісіге соқтығу жарамайды. Оның әулиешілігін айтайын. Үйден шыққанда, үш ойым бар еді: «Абылайдың басын кессем, қатынын ат көтіне салсам, қайтамын!» деген ойым бар еді. Қара қазаның қақ жарып қайтамын деп едім. Ана жатқан сиырды шетінен шытырлатып алып келіп, сойыңдар! Аппақ майға кенеліп тойыңдар. Менің тілімді алсаңдар, Абылаймен жауласуды қойыңдар!—деп сиырды сойып, туларын қандап, бірін-бірі тамаққа тойғызып, алдап, мәре-сәре болысты.

Тарихи аңыздар

Барлығы: 695 аңыз

Тағы оқыңыз