Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Абылайдың тұтқын болуы (VІ нұсқа) (3-бөлім)

Тарихи аңыздар · 2 мин оқу

«Құдайының» қасына барып отырып алған соң қалмақтар қауқылдасты. Сонда Абылай айтты дейді:

—Жақсы кезекке таласады, жаман отыратын орнынан адасады. Отыратын орнымнан адасатұғын мен жаман ба? Бұл орын Қалдан Шеріндікі еді. Оның құты қашты да, менің әруағым басты. Тақ үсті хан орны болады. Бұл орынға қалмақтың ханы Қалдан Шерін отырмағанда, қазақтың ханы Абылай хан отырмағанда, шайтан отыра ма?—деді дейді.

Қалмақтар өзді-өзі бір-біріне қарасып:

—Бұған не айтамыз? «Аталы сөзге арсыз таласады» деген. Орын кетсе, кетсін, ар кетпесін,—десті.

Қалдан Шерін өзін танытпаймын дегенінен ұрылып қалғанын білді:

—Уа, Абылай, Сәру қайда?—деді.

—Сәрумін деп Сәру айтпады, кеспеймін деп қару айтпады,—деді. Қалдан Шерін жауап қайтарып, дәнеме дей алмады.

—«Қолға түстім-ау, пенде болдым-ау!» деп ойыма дәнеме келмейді. Сәруді мен қан майданда жекпе-жекте өлтіріп едім. Сен аты қалмаққа сауын айтып, әскер жібергенде, мен дін мұсылман баласына хабар айтып, Сәруше қан майданда өлмей, қапыда ұйықтап қалып, ұрланған мал есебінде қолға түстім-ау! Өліп кетсем, төрт атадан бері қарай жалғыз едім, балам жоқ еді. «Бір өзім емес төрт жанның тұқымы құрығаны ғой» дегенім болмаса,—дегенде Қалдан Шеріннің басы төмен салбырап кетіп:

—Мен де өзіңдей... келген жан едім. Бұ дағы менің мынау Ежен қарағым, бөбегім сықылды.

Абылай: «Алдияр хан, төреңе құлдық»,—депті.

Қалдан Шерін: «Сен қуанғандай, не төре тиіп қалды?»— депті.

Абылай: «Мені алдыңда отырған көзің ағы мен қарасындай балаңа теңедің. Балаңды өлтіресің бе?»—депті.

Қалдан: «Жарайды, жөн»,—депті.

Өзге жұртты тарқатып, Абылайды оңаша алып қалып, Еженді бір тізесіне отырғызып, Абылайды бір тізесіне отырғызып, мәре-сәре болысып, «құлындағы сақау, құнандағы тісеуден» түк қалдырмай айтысып отырып:

—Қазақта қой көп пе?—деп сұрапты.

—Көп,—депті. Қалдан:

—«Қой—ұры, қойшы—өтірікші» деген, ауыл үйдің арасынан ұсақ жанжал үзілмейді десейші!—депті.

—Қазақта сиыр көп пе?—депті.

—Көп,—депті.

Қалдан:

—Қазақтың баласы айранға сүйеніп, еңбекке еріншек, ақымақ болады десейші,—депті.

—Қазақ егін сала ма?—депті.

—Жоқ,—депті.

Қалдан:

—Адам баласы ег[ін] салып, жер емшегін ембей, жерге бауыр баспайды. Әлі де неше төңкеріс басынан кешеді екен,— депті.

Екеуінің әңгімесі таусыла ма, Аюкенің қызынан туған Топыш сұлуды Абылайға беріп, қазақтан өткен заманда олжаға түскен, өсіп-өнген бірталай жанды Абылайға байлап, көшкен елдей қылып қайтарыпты.

Кенесары, Наурызбай әкесі Қасым осы (Топыш) сұлудан туады.

Сонан кейін қалмақ Қалдан Шерінмен қас болып, не қылса да, көп тұрғызбай, көзін жояды. Жалғыз баласы Еженді көзін қыздырып ұстап, екі көзінен айырып, су қараңғы қылып қоя берген. Сонан соң қалмақ оңған жоқ. «Ханын қалмақ жаулаған, сөйткен қалмақ оңбаған» деген сөздің мәнісі—осы.

Топыш сұлудың бауырлары—Қырғын, Күш Абылайға қашып келіп, паналап, олардың үрім-бұтақ, жұрағаты— Атбасар үйезінде, Терісаққан бойында, Қарақұйын, Қашырлы еліндегі қалмақтар деседі. Өсіп-өніп кеткен бірталай жан.

Абылай хан «бәрін—Топыш Қырғи, Күштерді бұл жаққа жібермесін» деп қалмаққа көшіріп жіберген екен. Олардың бұл жақта жүргенде, туған балалары қазақ ішінде қалып, қалмақ атында өсіп-өнді. Абылай ханнан кейін олар тағы қалмақ ішінде тірлік қыла алмай, бұл жаққа ауып келіп, төрелерге төлеңгіт болып, «төлеңгіт» атанып өсіп-өнді қанжығалы ішінде.

Тарихи аңыздар

Барлығы: 695 аңыз

Тағы оқыңыз