«Абылай аспаған сары бел» аталған мәнісі (ІV нұсқа) (2-бөлім)
Тарихи аңыздар · 2 мин оқу
Сонда үйде отырып Абылайдың ханымы айтты дейді:
—Абылай хан, дәнеме білдіңіз бе?
—Не білейін?—депті.
Абылай хан ханымының тілін алып, қара қазанды асулы бойымен жұртында қалдырып, үш жүз сиырды қалдырып, Көкшетаудан үш күндік жерге үркіп барып отырды дейді.
Сонда көшкенін, үріккенін қайдан білсін, үш мың кісі Абылайдың көшкен жұртын келіп басып, Бекболат келіп ат үстінен ашулы қазанға найзасын шаншып тұрып сөйледі дейді:
—А, жұрт,—дейді,—Абылай хан да Құдай тек жаратқан жан емес, қараңдаршы! Үйден шыққанда, үш ойым бар еді: «Абылайдың басын кессем-ау, иә болмаса, қатынын ат көтіне салсам-ау, иә болмаса, қара қазанын олжаласам-ау!» деп едім. Міне, енді қара қазанын асулы бойымен қалдырғаны—менің ойлаған ойымды әбден білгендігі. Қанша айтса да, Құдай артық жаратқан хан-ау! Енді мен сертіме жеттім. Анау сиырды қиратып сойыңдар, аппақ майға тойыңдар, туларыңды қандаңдар! Елші жіберейік, Құдай ұлатса, жарасып, жадырап қайтармыз,—деп сөзді осыған қойды дейді.
Сол қазанды Бекболаттан соң Тіленші би асқанын көрген жан сөйледі. Тіленші биге Абылайдың қалмақ қатынының балалары Шама төре қара нарға қалы кілем жауып келіп:
Хош, Бекболат пен Едіге Абылай ханға елшілікке Орманшы Ақсары-Шотананың Шотанасын жіберді:
—Саған сөзді үйретейік пе, өзің сөйлеймісің?—дегенде, Шотана батыр айтты дейді:
—Екеуің көп үйретсең, отыз ауыз сөз үйретерсің. Ол таусылған соң, не қылмақшымын? Ауызымнан не шыққанын қайтып келген соң, өздерің есітерсіндер,—деп жүре беріпті.
Шотана батырдың қалпы қандай кісі екенін айтып берейін. Қызылтауда «Шотана тасы» деген тас бар. Шотана батырдың үйі сол тастың түбінде отырғанда, қорадан екі өгізін түнде ұры ұрлап кетіпті. Алагеуімнен түрегеліп, өгізді ұры ап кеткенін біліп, Шотана батыр тастың басына шығып, айқай салыпты:
—Тастап кет менің өгізімді! Атым—Шотана, жердің тесігіне тығылсаң да қоймаймын!—дегенде, алған ұрылары Түндіктің өзенінен асып барады екен. «Артымыздан қуып келіп қалған екен ғой!» деп, тастай қашқан екен.
Шотана батыр Абылай ханға барып, аман-есен қайтып, Бекболат пен Едігенің алдына келді.
—Не дедің?—дегенде, айтқаны:
—Бекболат пен Едіге жіберді. Мейрам болып атқа мінді, үш мың кісі қол келді. Бұрынғы әулие өткен ата-бабаларымыз айтқан екен: «Дүние бұзылса, Бұқарға сыяды, Бұқара бұзылса, дүниеге сыймайды» деген екен. Бұқараға сыймай, жалаң аяқ, жалаң бұт келген сарт Сарыарқаға сыймайын деп жүр ме? Ботақанның құнын берсін, Жанайды байлаудан босатсын! Мың кісінің жолына «жетім» бастатқан «тоғыздан» берсін! Мың кісінің жолына түйе бастатқан «тоғыздан» берсін, мың кісінің жолына мың ат, мың шапан берсін! «Айыпты хан боламын» десе, тұрысатын жерін айтсын, ұрысатын ерін айтсын! «Айыпсыз хан боламын» десе, «хан деген жар емес пе, қарашы деген лақ емес пе? Лақтың ойнағанына шыдай алмай, құлаған жарыңа [қалай] пана болмақшы»,—дедім дегенде, Бекболат сүйсінгеннен:
—Айтқан аузыңнан айналайын, сені көтеріп тапқан қатынның ...нан айналайын!—депті.
—Не дейді, не дейді?—дегенде: