Абылайдың тұтқын болуы (VІ нұсқа) (1-бөлім)
Тарихи аңыздар · 2 мин оқу
Қалмақтың ханы кәрі Аюке жалғыз қызын қырық қыз қосып, Қалдан Шерінге жіберген екен: «кімге берсе билігі Қалданда» деп.
Қыс түсіп кетіп, тау кезіп жүрген қазақтың бір мергені тастан үй салып беріп, мінген көліктері түйе екен, тастан қора салып беріп, жалғыз өзі қырық бір қызды аң етімен бір қыс асырап шығыпты. Қалдан Шеріннің қаһарынан қорқып, қыз тие алмайды, мерген ала алмайды. Жаз шыққан соң кетіпті. Қарқаралы үйезіне қараған жерде Боқтыкентте «Қызыл кеніш» деген әулие бар деп, қазақ соған да түнеп жүріпті. «Сол қыздардың бір қыс қыстаған жері екен» деседі.
Қалдан Шерінге барыпты. Қыз жұрттан асқан сұлу екен. Басқаға беруге қимай, Қалдан Шерін тоқалдыққа өзі алыпты. Қарабас деген ханымы бар екен де, онан туған Ежен деген жалғыз баласы бар екен. Қалмақ заңында екі қатын алу жоқ екен: «Екі қатын алса, ел бұзылады» деп. Қыз «салт атты, сабау қамшылы» болмай екіқабат, буаз шығыпты. Ер ұл тауыпты. Жолдан қосылған сына тәрізді болды, атын Сына қойыпты. Туа батыр болып туыпты.
Бұл Аюкенің кызы Қалдан Шеріннен екі қыз, екі ұл тауыпты. Қыздарының аты—Боран, Топыш; ұлдарының аты—Қырғын, Күш.
Қалдан Шерін айсыз қараңғы түнде далада с...п тұрса, с.гіне келіп, бір нәрсе шылп ете түсіпті. Үйіне ап келіп, жарық қылдырып қараса, садақтың оғы екен, ұшында метін бар екен. «Метін» дегені—суы бөлек суарылған темір болса керек, Қалдан Шеріннің өзінен басқаның қолына түспейтұғын. Наркескен соғатұғын, садақтың оғын жасайтұғын тоқсан ұстасы бар екен. Бәрін жидырып:
—Мынаны қайсың жасадыңдар?—дегенде, бір ұста:
—Оны жасаған мен едім,—депті.
—Кім жасатты?—дегенде:
—Бөтен кісі емес, өзіңіздің нақсүйер тоқалыңыздың тұңғышы Сына жасатып алып еді,—деген соң ләм-мим дәнеме деп жанға сездірмепті.
Ұйықтап жатқанда Сынаның мұрнына дәрі иіскетіп, талдырып тастап, оң жауырынының шеміршегін ойдырып алдырып, аюдың ақ дәрісін септіріп тастапты. Бір заманда есін жиып, Сына басын көтеріп түрегеліпті, дәнемені де білген жоқ.
Сына жақ атып, садақ тартайын десе төбесінен Құдай ұрғандай болып қалғанына наза болып, үйге келіп еңіреп, ботадай боздады дейді. Шешесі:
—Не болды? Не қылды?—деп сұраған екен.
—Денім сау, қолымда ауырқаған, сырқаған дәнеме жоқ. Садақ тарта алмайтұғын болыппын,—деді.
—Балам, ұрылған екенсің. Енді тырп етсең, көзіңді жоғалтады, қарашығыңды батырады. Тұрма, көзіңді жоғалт! Қалмақ ортасында жан сақтай алмайсың, қазаққа жете гөр осы аманыңда,—деп, Қалдан Шеріннің қас болғанын айтыпты.
Сына батыр сол қашқаннан қашып, Абылайға келіп қорғалапты. Қалдан Шерін де қайда барса, өзіне қастық қыларын біліп, іздетіп таба алмай, Абылайға барып қорғалағанын естіген соң Абылайға елші жіберіпті:
—Менімен жауласпай, тыныш тұрамын десе, Сынаны қайырып берсін!
Абылай хан:
—«Бұтаға қорғалаған торғай да қалады» деген сөз бар еді. Бір бұта құрлы болмасам, тірі болғанда неге жараймын?— деп бермепті.