Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

«Абылай аспаған сары бел» аталған жер (ІІІ нұсқа) (2-бөлім)

Тарихи аңыздар · 3 мин оқу

Сол қазанды алып келіп, Бекболат асты. Онан соң Тіленші би асты. Абылайдың қалмақ қатынының баласы Шама төре Тіленшіге қара нарға қалы кілем жауып келіп түсіп, қазанды қалап алып Шама төре кейін асты.

—Кел, бұған елдеселік, елші жіберейік,—десіп, Орманшы Ақсары-Шотананың Шотанасын жіберді. Қызылтауда «Шотана тасы» деген бір биік тау. Шотананың екі өгізін ұрылар ұрлап алып кетіпті. Сонда Шотананың сыртындағы тастың басына шығып, салыпты айғайды:

—Өгізімді алған кім де болсаң, тастап кет! Атым— Шотана. Інге кіріп кетсең де қоймаймын!

Өгізін іңірде алған ұры Түндіктен жаңа асып, Майөлең деген жерден өтіп барады екен. «Артымыздан келіп қалған екен» деп, тастай қашыпты.

Елшілікке Шотана барып қайтып келген соң, Бекболат пен Едіге алдына алып сұрапты:

—Не дедің?—депті. Сонда Шотана айтыпты:

—Мейрам болып атқа мінді, үш мың кісі қол келді. Бекболат пен Едіге жіберді, Ботақанның құнын берсін, Жанайды босатсын! Мың кісінің жолына «жетім» бастатқан тоғыз берсін. Мың кісінің жолына түйе бастатқан «тоғыз» берсін. Қалған мың кісіге мың ат пенен шапан берсін. Оған көнбесе, тұрысатын жерін, ұрыссатын ерін айтсын!»—дедім дегенде, Бекболат:

—Айтқан аузыңнан да айналайын, сені көтеріп тапқан қатыннан да айналайын,—депті.

Шотана сөзі:

—Мұнан да дәмді, ірілеу бізге талып-үздігіп жеткен қалған ірілеуі ғой деп ойлаймын.

—Не дейді, не дейді?—депті. Ертең Жолдыөзектің бойынан табысайық,—депті дейді. Сонда Олжабай батыр:

—Мені «бұл қосында бар ма?» деп сұрады ма?—депті.

—Сұрады,—депті. Ендеше бізбен ұрысса алмайды, қарама-қарсы тұрыса алмайды. Алтын қақпасын бұзғанда, дарбасазасы қалайы мен қорғасыннан екен. Һәркімнің қолы батпағанда туымды Абылайға ұстатып қойып, атымнан түсе қалып шапқылағанымда, Абылайға қарасам қалш-қалш етіп, тіркеніп, дірілдеп тұр екен. Бізбен қарсыласуға сартыңның аруағы беттей алмаса керек,—депті. Жолдыөзекті бет алып бұлар да барып жатыпты. Ертең таң атқан соң, қараса желкілдеген ту да жоқ, жер қайысқан кол да жоқ. Бір-екі атты келеді екен.

—Бұл не қылған жан,—деп таңырқасып тұрса, Абылай хан мен Балтакерей Тұрсынбай батыр екен. Екеуден-екеу келе жатқанын көрген соң, Бекболат пен Едіге атқа мініп, екеуі алдынан шығыпты. Сонда Қозған Құлыке-Бекшенің Бекшесі оғын құралайдың көзінен өткізетұғын мерген екен:

—Бұл сартты жайратып тастайын,—деп мылтығының сирағын жерге қадай бастағанда, Жанақ жүгіріп келіп, ұстай алыпты.

Хан өзі көріп келеді. Ол жақтан Балтакерей Тұрсынбай мен Абылай келіп, бұл жақтан Бекболат пен Едіге барып амандық айтып бастағанда, Күлік Көтеш ақын бала күні екен, көлденеңнен барып өленді қоя берді:

—Абылай, Ботақанды сен өлтірдің,
Есіл ер, жазығы жоқ, неге өлтірдің?!
Хан басың қарашыңмен даулы болып,
Үстіне ақ ордаңның қол келтірдің!
Абылай, күйіп кетті салған қалаң,
Мейрамға не дейсің жапқан жалаң!
Жанайды дәл бүгін күн босатпасаң,
Болады ертең жесір қатын-балаң!

Басқа сөз де жоқ, дау-шар да жоқ. Сол жерде жарасып бітімге келіп, бұлардың не дегенін қылды дейді.

—Мылтық құрған кім?—деп сұрады.

—Қозған Бекше мерген еді,—дегенде:

—Талай жорықта бірге жүріп, бір торсықтан малта жеп, бір табақтан ет жеген жолдас едік. Кісіні кісі жоқ жерде өлімге қия береді екен-ау!—деп,—мылтығының аузы қырсықпасын,—деп, өзінің мылтығының аузына бір түйе байлады дейді.

—Жүгіріп келіп ұстай алған кім еді?—деп сұрады.

—Жаңабатыр баласы Жанақ еді,—деген соң Жаңабатыр «арашашы бол» деп қосқан ғой. Олар Құдай жаратқан шын би ғой. Қазақ ортасында ат шаптырған ас болса, Жаңабатыр бидің босағасына түйе бастатқан «тоғыз» байлансын. Жаңабатыр «осы-ақ, ас-ақ» десе, ат шауып, ас тарқасын! Әйтпесе ат шабылмайтұғын болсын да, ас тарқамасын!

Сол заманда қаралы үйдің босағасында бір найза жиын қылса, шаншулы тұрған. Сол найзаны жылын бергенде қаралы Жанақ сындырып «ат, шапан оның жолы болсын!» депті. Сөйтіп хан қарашамен жарасып, ойнап-күліп, мәре-сәре болысып қайтқан екен.

Абылай аспаған Сары бел атанған міне осылай еді дейді.

Абылай хан өзі екі сөзінің бірінде айтып отырады екен:

—Осы бір «Бесмейрамның баласы» деген ел—Пайғамбар мен шадияр тумады демесеңдер, адамның бұлбұлы мен дүлділі түгел туған ел. Батыры көптіктен, жаудан қорықпайды. Шетінен шешен бола туады да, даудан қорықпайды. Қарақұрттай құжынаған қаракесегі бар, «е» десе «мә» деп, едірейетұғын қуандығы бар. Оның өмірінше үзілмейтұғын жуандығы бар. Жылым құртша жегенін білдірмей жеп қоятұғын сүйіндігі бар!—деген екен.

Тарихи аңыздар

Барлығы: 695 аңыз

Тағы оқыңыз