Абылайдың тұтқын болуы (VІ нұсқа) (2-бөлім)
Тарихи аңыздар · 2 мин оқу
Қалдан Шерін жер үстіндегі қалмаққа жар шақыртып:
—Абылайды маған тірі ұстап ап келіп беріңдер,—деп «Сүзекінің қолы» деген қол аттандырыпты. Сол кезде Аюкенің қызынан туған Топыш сұлудың жұрт аузына ілініп «сұлу» атанып тұрған күні екен.
—Абылайды тірі ұстап, ап келіп бергенге Топышты беремін,—деп қызықтырыпты.
Қалмақтың бір жайсаңы Ұлытау, Кішітауда Абылай қостап шығып, аң аулап жүрген күнінде, ұйықтап жатқан жерінде үстінен түсіпті. Сонда қарауылшысы Тілеуімбет деген жаман екен, ұйықтап қалған екен. «Қарауылшы бар ғой» деп қапы қалып, қолға түсіпті деген сөз бар.
Абылай жүрген жорықшылардан жөн сұраса, бір ғана өзі үшін аттанған қол екенін білген соң: «күтінбеген елді шабыншылыққа ұшыратпайын» деп:
—Іздеген Абылайың—мына мен,—депті.
Қалданның қосыны тапсырған Абылайын тапқан соң, жоғалтып жүрген тайыншасын тапқандай қуанып, алып жүре беріпті. Қалдан Шерін естіпті: «Абылайды тірі ұстап алып келеді» деп. Айдалаға бір ақ боз үй тіктіріпті. Құда, күйеу түсетұғын үйдей қылып, төсек төсетіп:
—Сонда кіргізіңдер. Жеті күн, жеті түн ас-су бермеңдер. Қарны ашсын, қалжырасын! «Бір күн қарны ашқаннан қырық күн ақыл сұрама» деген бар ғой,—депті.
Айтқандай қылыпты, сегізінші күнде:
—Бір аяқ суға тобықтай тоң май салып апарып қолына ұстата қойыңдар,—депті.
Айтқандай қылып, апарып қолына ұстатқанда:
—Үрсем кетпейтұғын неме едің, ішпесем аузыма келер түрің жоқ қой,—деп аяқты есікке қарай лақтырыпты.
—Енді бір төрт жендет түстеріңді суытып, төртеуің де жалаңаш қылыш алып: «ханнан жарлық болды, қарадан жабдық болды. Сенің мейманаң толды. Берген асты ішпесең, мә, өзің [өз]іңнің қанынды іш!»—деп дүрсе қоя беріңдер! Тайсалса, қайғалақтаса, басын шауып тастаңдар! Жасқанбаса, селт етпесе, тимей, қа[йтып келіп], не қылып, не қойғанын айтып келіңдер,—деп жіберіпті.
Бұлар Қалдан Шеріннің айтқанын қылып жетіп барғанда:
—Алладан басқадан ажалым болмақшы емес,—деп шімірікпей, қасқиып отыра беріпті.
—Мынаның өзінде жан жоқ қой. Жаны бар жан жасқанбас па?—деп қайтып келіпті. Көрген-білгендерін айтып келіпті.
—Атса, мылтық өтпейтін, шапса, қылыш өтпейтін, суға салса, батпайтын, отқа салса, күймейтін, сырты—болат, іші—құрыш жасалған қу екен. Екі сыннан өтті. Енді бір сынайық, шақыр өзін осы ордаға,—депті.
Үшінші сынының түрі мынау екен: Қалдан Шеріннің тоқсан сәргердесі бар екен. Бәрін қаз қатар үй жағалай отырғызыпты. Өзі тақтан түсіп, сәргерделерінің біреуі есепті болып отырыпты. Төрден босағағаша жан отырарлық орын қалдырмапты:
—Және кіріп келгенде, ешбірің қағылып, орын беруші болмаңдар,—депті. Қалдан Шеріннің тағы болады екен. Тақ үстінде тастан жасаған, жеке ханның өзіне арналған «Құдайы» болады екен.
Абылай хан кіріп келсе, тақ тұр. Оның үстінде кісі жоқ, тастан жасалған құдайсымақ тұр. Үйге кіріп барғанда жан-жағына жалтақтап қарамастан, тақ үсті бос тұрғанын көріп, тұпа-тура барып таққа мініп, Қалдан Шеріннің орнына отырып алды дейді.