«Абылай аспаған сары бел» аталған мәнісі (ІV нұсқа) (3-бөлім)
Тарихи аңыздар · 3 мин оқу
—Ертең Жолдыөзектің бойына келсін, екеуміз екі жағына түселік дейді,—депті.
Сонда Олжабай батыр:
—Мені «бар ма» деп сұрады ма?—депті.
—Сұрады «бар» дедім,—дегенде:
—Енді ол сарт бізбен қарсыласып, жауласуға жарамайды. Алтын қақпалы қорғанды бұзатұғын жолда Сырым Малайсары да бар еді, Шанышқылы Бердіқожа да бар еді, Тарақты Байқозы батыр да бар еді. Қақпасы қалайы мен корғасынға мысты араластырып құйған екен. Жалғызының қолы батпаған. Сонда мен туымды Абылайға «мә!» деп бере салып, қақпаны шапқылағанда, саз балшықпен жаңа илеген қамырға кіргендей кірген. Сонда Абылайдың түріне қарасам, қалшылдап, дірілдеп тұр екен. «Мына қаруын жауласып кетіп, өзіме жұмсаса, мынау жан шыдатпайды екен-ау!» деп үрейі ұшып кеткендігі сондай—бізбен қарсыласатын онда әруақ жоқ»,—депті.
Жолдыөзектің ар жағынан Абылай қолы келді. Атығай, қарауыл, өзінің төлеңгітінен басқа бөтен дым жоқ. Бір жағынан—Бекболат, Едіге үш мың кісімен.
Самсаған сары қолдан екі кісі келе жатыр: біреуі— Абылай, біреуі—Балтакерей Тұрсынбай батыр. Сонан соң таныған соң, бұл жақтан Бекболат пен Едіге атқа мініп, алдынан шықты.
Сонда Қозған Құлыке-Бекшенің Бекшесі, оғын құралайдың көзінен тигізетұғын мерген екен, мылтығының сирағын құрып, Абылайды нысанаға байлап тұра қалды дейді:
—Бұл сартты бір-ақ жоқ қылып тастайын,—деп білтесін тұтатуға келтірмей, Жаңабатыр баласы Жанақ жүгіріп келіп, Бекше мергеннің қолынан мылтығын жұлып алды.
Не қылып, не қойғанның бәрін Абылай көріп тұр. Ол жақтан екі кісі бірі—хан, бірі—батыр, бұл жақтан екі кісі: қаракесек, сүйіндіктің екі биі төртеуінің бас қосқан жеріне көлденеңінен бала күні Көтеш ақын барып, оларды сөйлетпей, өлеңді гулетіп қоя беріпті:
—Абылай, Ботақанды сен өлтірдің,
Есіл ер, жазығы жоқ, неге өлтірдің?
Хан басың қарашыңмен даулы болып,
Үстіне Ақ ордаңның қол келтірдің!
Абылай, күйіп кетті салған қалаң,
Мейрамға не дейсің жапқан жалаң?!
Жанайды дәл бүгін күн босатпасаң,
Болады ертең жесір қатын-балаң!
Сонан соң кінәласқан да жоқ, айтысқан да жоқ. Ханы қарашысымен жарасып, бұл барғандардың не көңілдегісін қылып, сөйтіп қайтарған екен. Сонда Абылай сұрапты:
—Мылтық құрған кім еді?—деп.
—Қозған Бекше мерген,—деген соң:
—Талай жорықта бір торсықтан малта жесіп жүрген жолдас еді. Кісіні кісі жоқ жерде-ақ өлімге қия береді екен-ау!—деп, оның мылтығының ауызы қырсықпасын деп мылтығының ауызына бір түйе байлады дейді.
—Жүгіріп келіп ұстай алған кім?—дейді.
—Жаңабатыр баласы Жанақ,—дейді.
—Тегін кісі Жаңабатыр бола ма? Олар Құдай қойып қойғандай жаратқан шын би ғой! Баласын «арашашы бол!» деп қосқан ғой. Ас берілгенде, Жаңабатырдың босағасына түйе бастатқан «тоғыз» байлансын да және қаралы шаншылған найзаны жылын бергенде, Жанақ сындырсын да, бір ат-шапан Жанақтың өз жолы болсын!—деп оған лайықты (олайша) жол бұйырған екен.
«Абылай аспаған сары бел» деген атқа ілінген жері осы екен.
—Үш нәрсе арман болып, қолымнан келмей, құр ойымда кетті,—деген екен.—Бірі—ақбоз атты кұныш ердің құны қылмадым. Мылтығын құралайдың көзінен өткізетұғын мергеннің құнын екі ердің құны қылмадым. Бірі—етікші мен ұстаның құнын «қатын құны болсын!» деп, бұйрық қылмадым. «Ал, жау келді!» дегенде, екеуінің де еркектікке септігі жоқ. Бірі ішінен Пайғамбар мен шадияр шықпағаны болмаса, өзге адамның бұлбұлы мен дүлдүлі түгел шыққан жұрт екен. Осынау бір «Бесмейрам» деген елден аса алмадым,—деген екен.