Тілеген мен Дәулеткерей айтысы (2-бөлім)
Тілеген Әділов, Дәулеткерей Кәпұлы · 2 мин оқу
Ердің қасы қайрылып,
Қапталы кетсін айырылып.
Үзілгенше Дәулетжан,
Тартысайық ал, енді.
Тұяғымыз жер тіліп,
Содан кетсін кертіліп.
Қиылғанша шашамыз,
Тарпысайық ал, Дәулет,
Азуымыз сақылдап,
Тіске тіс тиіп шақылдап.
Қамыстағы қабыландай,
Қарпысайық ал, Дәулет.
Қоңыраулы найза қысқарып,
Істік болып қалғанша.
Шарболат қылыш мұқалып,
Кездік болып қалғанша.
Айқасайық Дәулетжан.
Ай, Дәулетжан, Дәулетжан,
Тілімізден тіліміз,
Шайлығып сірә, қалғанша.
Бірімізді біріміз,
Өңгеріп атқа салғанша,
Білегіміз талғанша.
Саусағымыз қалжырап,
Бастан жығаң салбырап,
Дулыға жерге түскенше,
Шайқасайық, Дәулетжан!
Дәулеткерей:
Шабытын бұл Тілеген іркер емес,
Ақын ем, ақиқатты бүркелемес.
Өлгенше айқасайық деп отырсың,
Күтпейді-ау екеумізден жұрт ерегес.
Келсең-кел, сенен қорқар мен емеспін,
Өлгенде көрген бұл да бір төбелес!
Болғанда екеумізге ел көпір шын,
Дегендей екі ақыным тең көсілісін.
Жерден, көктен теңеуді жинап алып,
Қасымда қарсы қарап сен де тұрсың.
Ителгі жеген қоян секілді деп,
Енді сенің Тілеген нең көпірсін?
Қоянның басын жұтып тояттап ап,
Жарбиған жапалақтай сен де отырсың.
Өлеңдей келер болсақ нәрлі уызға,
Айтармыз ақындықпен әнді қызба.
Шымболаттың тойына келген кезде,
Шындықты айтар ақын деп алдыңызда.
Маған теңеу айтқаныңа рахмет,
Демеймін тұлпарымды салды мұзға.
Шымболаттың тойына келген кезде,
Өлеңнің уызына қандыңыз ба?
Тақырыпты талқылап айтар болсаң,
Ұшық шығып кетпейді аузыңызға.
Аталы сөз күтеді ел арлы ақыннан,
Атадан ақын болып арда туған.
Бұқар жырау халықтың мұңын айтса,
Кенде емес еді ғой хан да ақылдан.
Кешегі кеңес деген кесір қоғам,
Шымболаттың көзіне қан қатырған.
Шындық деп бар әлемге жар салуда,
Заманның зарын айтып зарлатудан.
Тілеген сен де солай жырласайшы,
Той болып жатқан кезде алқа думан.
Шымболат ел көңлінде мәңгі қалар,
Шындықтың шолпанындай таңда туған.
Тілеген:
Қанатыңнан қақпайын,
Қалықта, Дәулет, қалықта.
Шаужайыңнан тартпайын,
Шарықта, Дәулет, шарықта.
Ұшық шықсын деп аузыңа,
Айтқаның Дәулет анық па?
Жапалақ дедің сен мені,
Жалпылдаған жардағы,
Осы айтқаның Дәулетжан
Жетті тағы халыққа.
Ақылы бар ақын ең,
Қол салмайтын Дәулетжан,
Айналып тұрған шарыққа.
Сен қорғасын, мен жалын,
Балқытқалы келгемін.
Кіргізейін қалыпқа,
Сұрмерген ақын сен едің,
Желбезекке жебе дарытқан.
Судағы жүзген балыққа.
Осылай сөйле Дәулетжан,
Ақындығың анық па?!
Қыран боп туған қырансың,
Қарғалығыңды танытпа!
Тілмен түй, тісіңменен күрмеңді ағыт,
Тасырқамай төгейін тілден жақұт.
Дәулетжан Шымболатша ақтарылдың,
Сен де бүгін үлдең мен бүлдеңді ағыт.
Ұртын шайнап жатса да ұлтым деген,
Шымболат сілтей білген бірден бағыт.
Құс тұмсығы секілді қысқа жалған,
Болса да маңыздырақ сүрген бақыт.
Сақсырың қанға толып тұрса дағы,
Саңқылдап дұшпаныңа күлген бақыт.
Өзіңнен өлмейтұғын өлең қалса,
Өкінбей бақиға да жүрген бақыт.
Артыңда сұмдық емес, шындық қалса,
Шынболатша өлу де үлкен бақыт.