Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Дидар мен Жандарбек айтысы (1-бөлім)

Дидар Қамиев, Жандарбек Бұлғақов · 2 мин оқу

Дидар:

Біссміллә, хақ жолымен бір Алланың,
Айтыста атой салып ту алғанмын.
Жаркентте той дүбірі естілгенде,
Арқада арқам қозып, қуанғанмын.
Дәнештей ән бұлбұлы туған жерге,
Жүрегімнен жауқазын жыр арнадым.
Әбіхан Қастеевтей саңлағың бар,
Суретші тасқа салған ұлы арманын.
Жандарбек пен Әсеттей шайыр өткен,
Басына ноқта түспес құландарың.
Кешегі желтоқсанда ерлік қылған,
Ләззат пенен Ерболдай қырандарың.
Одаққа аты шыққан аудан едің,
Кезінде куә болдың бұған бәрің.
Жер шеті, жел өтінде шекараның,
Қас қақпай күзетте тұр ұландарың.

80-ге толып жатқан ауданыңның,
Тойында тор бестімді тұмарладым.
Ассалаумағалейкүм Жаркенттіктер,
Тамашамен тарқасын құмарларың.
Зәузатыңды зәмзәммен суарайын,
Өлеңге сусап қалған Суандарым.
Көрермен отырғанда өлең іздер,
Тойға кеп көсілмейміз неге біздер.
Жандарбек шыққан кезде шуладыңдар,
Болсақ та біз екеуміз тел егіздер.
Арқадан ат терлетіп келген кезде,
Мені де бөліп-жармай елеңіздер.
Атынан ат үркетін Байсуандар,
Арғынның бір баласын демеңіздер.
Жандарбектей Жаркентте тумасам да,
Өз туған балаларыңызға теңеңіздер.
Бауырына басады деп келгенде,
Жерлестің қамын ғана жемеңіздер.
Тайбурылдай Дидар да қатар шапсын,
Ауылдастың аты озсың демеңіздер.

Жандарбек:

Уа, Дидар бұл сөзіңнен қаймығам ба?!
Ұқсайсың сен сертіңнен айнығанға.
Түйеден түскендей қып сөз айтпасаң,
Жаркент қол соқпайды жай жырауға.
Ауылдастың аты емес ешқашанда,
Жүйрік болса озады тай құнан да.
Шашаңа шаң жұқтырмай шаба білсең,
Саған ешкім демейді бәйгені алма.
Сондықтан саған қатты қол соғад деп,
Сен бала мұңға батып, қайғыланба.
Ақынын қолдап жатса айып па екен?!
Қызғанып, көре алмайды, әй бұлар да.
Мен шапсам, құлагердей кең көсіліп,
Үндемеу жараспайды Байсуанға
Құлдыраңдап құлыны топқа түссе,
Айқайлама деп жазған қай құранда?!

Жаркент келешегі жарқын қалам,
Бұл жерде тегінде осал жан тумаған.
Белжайлауды ен жайлап біздің ауыл,
Сабасында сары қымыз сарқылмаған,
Құзарлы Арқас тауға қарап өссе,
Жан қалмас қия шыңға талпынбаған.
Бәһадүр, батырлардың мекенісің,
Найзасы найзағайдай жарқылдаған.
Тілімен тікен орған ақының бар,
Сөздерін би түгілі хан тыңдаған.
Бура санды алысса балуандарың,
Екпіңіне теңселмей тау тұрмаған,
Саясында алманың тербетіліп,
Бұлбұлы Дәнештерден ән тыңдаған.
Тектілерді тербеткен көне бесік,
Сақталыпсың қазақи қалпыңда аман.
Осындай қасиетті жерде тусам,
Алланың берген сыйы бәлкім маған.
Батпағы өзіне ыстық бақаның да,
Сондықтан қымбатсыңдар жалпың маған,
Ауылымның бір жұтым қара суы,
Білгенде артығырақ бал тұнбадан.
Кір жуып, кіндік кескен Жаркентімнің,
Бір уыс топырағы алтын маған.

Ұлдарының талабы тау келетін,
Қыздары қыр гүліндей сәнденетін.
Сүйсініп ұл- қызыңның өнеріне,
Батасын Қален сынды шал беретін.
Әйелдері ерлердің жолын кеспей,
Қара басын қадірлеп, хан көретін.
Намысы нар кескендей Байсуандар,
Итің жаман десе де ар көретін.
Басқаның қасқырынан артық көрем,
Өзім туған ауылдың кәрі төбетін.
Бауырына жылынып Жаркентімнің,
Осында ұйғыр-дүнген әлденетін.
Езуінен еншісін жырып беріп,
Бұл күндері түсіп жүр әуреге тым.
Бауырына басып жатсын барлық ұлтты,
Басына ылаң салып, бәлденетін,
Кең пейіл жаны жомарт осы Жаркент,

Айтыстар

Барлығы: 832 айтыс

Тағы оқыңыз