Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Тілеген мен Дәулеткерей айтысы (3-бөлім)

Тілеген Әділов, Дәулеткерей Кәпұлы · 2 мин оқу

Шындықты мен айтайын шымшып тұрып,
Қабырғасын қазақтың қыршып тұрып.
Құлаған протонның кесірінен,
Қоғадай жапырыларсың сыңсып тұрып.
Жусан исі аңқыған жондарымнан,
Уыстап у жұтамын шым-шытырық.
Қыршынынан қиылған жастар аз ба,
Ақиқаттың көзінде былшық тұрып.
Құрсақтағы ұрпақты түсік қылдық,
Жатырда жатқан анау тұншықтырып.
Оны айтатын көкелер жоғарыдағы,
Шылбырдай шұбатылды-ау сусып тұрып.
Қыран деп қонақтатқан депутаттар,
Шиқылдап танытып жүр шымшық қылық.
У сауып, уыз жеймін деп жүргендер,
Ұшынып қап жүрмеңдер ұшық тұрып.
Құтқаратын күні ертең ем таба алмай,
Ұлт жарасын алмаңдар ушықтырып.

Аспанда ала бұлттан Ай сығалап,
Қоғам тұр мына маған қайшы қарап.
Семсер ұстай білмейтін сертсіз ұлдар,
Өкінбей өкпеме тұр қайшы қадап.
Жаңаарқа, Қарқаралы, Жезқазғаным,
Темір жауғанда ақ далам ойсырамақ.
Бабама берген сертім адыра қап,
Кедей кердең боп барад, бай сұғанақ.
Балама не деп жауап берем ертең,
Далама өшікті екен қай сұғанақ?!

Жерім бай болғаннан соң, халқым кедей,
Алладан соң отырсың халқым демей.
Хантәңірге ұя салған қыран едің,
Қыран қабақ, дүр жігіт алтын керей.
Қобыз кеуде жігіт ең, Қорқыт үнді,
Жырларымды қабыл ал салқын демей.
Айтарыңды сен де елге ақтар енді,
Түкті жүрек жігітсің, алтын көмей.
Қызықтап қыпшақ, найман қарап тұрсын,
Қақтығысып көрейік арғын, керей.

Дәулеткерей:

Сөзіңде жылтырайды арман- үміт,
Дәл бүгін келтірмессің қанға күдік.
Қарғалықты танытпа деп айтасың,
Сен менің шаужайымнан жалған іліп.
Арқаның арда туған ақыны деп,
Көрсем деп ем жүрісіңді алда жүріп.
Тілеген теңеуді де дұрыстап тап,
Қыранға қастық қылмас қарға күліп.

Қандай ед деп сұрайсың ал, бұл заман,
Біреуге деп айтамыз тағдыр жаман.
Мұқағали жырының мәні бөлек,
Ақын өлсе қалғандай тағдыр қараң.
Шымболаттың артында шындық қалды,
Алашының алдында самбырлаған.
Сол шындық осы қазақ аман болса,
Жүрегімен жетпей ме сан жылға аман.
«Әлдекімнің тағдыры бұйырған жоқ,
Сексен жасап сегіз сөз қалдырмаған».

Қазағым жете берсін жылдарға аман,
Жылдарға аман, тәуелсіз тұлғаң да аман.
Халықтың ақасына келген кезде,
Ақынға да керек қой бұлданбаған.
Кешегі өткен ақын мен жыраулардан,
Ақын ақын болар ма үлгі алмаған.
Бүгінгінің шындығы осы боп тұр,
Өсекшіде қызыл тіл сумаңдаған.
Кеншілердің аузына арақ құйып,
Өлгендерді кінәлі қылған заман.
Бүгінгінің шындығы дәл осындай,
Түлкінің құйрығындай бұлғаңдаған.

Қазақтың ашылса екен алдан бағы,
Ақынның аз болса егер зарланғаны.
Шымболаттай шыңғырып шындықты айтса,
Жетеді Тілегеннің арманға әні.
Сарыарқаға протон ғашық боп тұр,
Көре алмас үмітімдей таңдардағы.
Бүгінде ел басқарған мықтылар көп,
Ойлаушы ем деп үміттің жалғанғаны.
Қарашаның қамын жеп өтпеп пе еді,
Қарақасқа ат мінген Қамбар дағы.

2006 жыл.

Айтыстар

Барлығы: 832 айтыс

Тағы оқыңыз