Балғынбек пен Ринат айтысы (7-бөлім)
Балғынбек Имашев, Ринат Зайытов · 2 мин оқу
Біз бүгін сөз айтайық есті-есті,
Қосқымыз келсе егер көшке үлесті.
Бас иіп алғыс айттым азаттыққа,
Біздің ел еркіндік деп көп күресті.
Бірақ та бүгініне бір қарасаң,
Көміліп көнелерің, ескің өшті.
Себебі бізге құдай кеше күні,
Амалы көп айлалы досты қосты.
Ал олар кеп атына атамыздың,
Қайдағы «ев»-ті қосты, «ов»-ты қосты.
Ілесіп молдаларға поп кресті,
Соңына төрт түліктің шошқа ілесті.
Онан соң қолымызға стакан беріп,
Денсаулық үшін деген тосты қосты.
Білдірмей сұңғыланың жүрісімен,
Жаулады олар бізді өстіп-өстіп.
Санаңнан тазарса екен арда қазақ,
Басқалар төгіп кеткен осы қоқсық.
Балғынбек:
Айтатын ел-жұртыма базынамын,
Айбекке дауысын берсе қазыларым.
Аманжол ағамдағы өкпелемес,
Сыйлықтың қанағат қып азырағын.
Тұранның текті жұрты қолдағанда,
Қыранның қанатындай жазыламын.
Орысша мен қосқанда әзілдеттім,
Әніне сен салдың ғой Әзімбектің.
Шіркін-ай аруақтары аунап жатсын,
Рухына Жандарбектің тағзым еттім.
Қалың ел қос саңлағын сағынады,
Демегін жездем маған бағынады.
Сатира сынның үлкен қаруы ғой,
Ұқпайды мына балдыз мағынаны.
Орысша тіл білмейтін қазақ айтқан,
Білесің «16 қыз» халық әні.
Ринат тиісе бердің қалай маған,
Балдызым тістей берген қандай жаман.
Орысша сөзін қосып кей өлеңге,
Ринатта пайым бар ма оны ойлаған.
Қазақты мінеп-сынап кеше бүгін,
Орысша қоспап па еді Абай бабам.
Отырмын бақ жұлдызың өрлесін деп,
Балдызым мін-сынымды термесін деп.
Өзіңе өзің қатты таңқаласың,
Деймісің бұл жалғанда тендесім жоқ.
Әдейі сынап айттым орысшаны,
Рухы қазағымның өрлесін деп.
Әдейі сатираны қолданғанмын,
Бір сәуле Абай жаққан өлмесін деп.
Балдызжан, топ алдында жайнағансың,
Сен маған кінә тақпай ойланарсың.
Шешенсің, айтыстарда көріп жүрмін,
Тіл-аузын талайлардың байлағансың.
Орысша сөзге қоспақ түгілі сен,
Полиглот адам болып ойнағансың.
Ақмарал, Каримамен айтысқанда,
Немісше, ағылшынша сайрағансың.
Келгені көк мойнақтай көсілерің,
Көсілсең мерейіңді өсіремін.
Ертісте туған бала болсаң дағы,
Ел үшін ерке толқын осы ма едің?
Студент күндеріңде білім қуып,
Менсінбей Елордаға көшіп едің.
Ал бүгін Астананы сынағышсың,
Тағайын сынады деп несіне мін.
Су ішкен құдығыңа түкірсең де,
Шалалық сөздеріңді кешіремін.
Ринат:
Нашар екен жездеке ақпарларың,
Бөтен тілден жөн болар сақтанғаның
Жетіп жатыр бағана мақтанғаның,
Кімге керек енді кеп ақталғаның?
Абай айтқан орысша
«Самородный»» сары алтын.
Ол Абайдай ұлыға
Бүгін кінә тағарсың.
Сенің сөзіңе қарасам,
«Убью» деп айтасың.
Тастамайтын жаман сөз,
Өзің неткен адамсың?!
Дей алмаймын өзіңнен асқан едім.
Мінезінді Балғынбек, таста керім.
Қаласынан кетсем де отаныма,
Ұмытпаймын ешқашанАстана елін.
Сөйлегенді орысша,
Дейсің жақсы білемін.
Ол әзілдің айтысы,
Жетсін тағы тілегім,
Айтпақшы мен сол кезде,
Астанада жүр едім.
Сен бүгінде ерекше толып жүрсің.
Өлеңменен көп жерді шолып жүрсің.
Экс-астана тағы да, секс Астана,
Деп Алматы бәлесін көріп жүрсің.
Өзің ұшқан қала ғой, бұл Алматы,
Сен де саңғып ұяңа не ғып жүрсің?
Мақамына салып ап, бөріктінің
Аманжолдың шәкірті болып жүрсің.