Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Балғынбек пен Ринат айтысы (5-бөлім)

Балғынбек Имашев, Ринат Зайытов · 2 мин оқу

Кешегі Көкжал Барақ бабаңыздай,
Қолыңа неге, қалқам, ту алмайсың?
Академик Ахметов, Аманжолов,
Ғылымын зерделесең суалмайсың.
Сөзіңе ұлыларды қосып айтсаң,
Қияны көзбен шолар қырандайсың.
Әй, саған, айтты не, бір айтпады не?
Той үшін толғау айтар жыраудайсың.
Байқаймын балдызыма білім керек,
Айқаймен айды аспанға шығармайсың.

Балдызжан, ар дейтін бір ұғым бар ғой,
Семейдегі балдыздар құлындар ғой.
Семейің 2005-те ашылады,
Айтатын әр сөзімде шыным бар ғой.
Семейге бұл Балғынбек бөтен емес,
Менің де жүрегімде мұңым бар ғой.
Сен-дағы түсті жоры деп отырсың,
Алдын ала жасаған жырың бар ғой.
Айтақын шапан жауып жатса егер,
Ринат үйленетін түрің бар ғой.

Ринат:

Әр сөзін бұл Балғымбек сүйгізеді.
Байқатпай Ринатқа да тигізеді.
Шапан жапса үйленесің деп айтасың,
Бұл ойыңыз байқасам шын ізгі еді.
Бірақ та түсінбедім онда маған
Неге Айтекең темір етік кигізеді?
Болғандай әрбір айтқан сөзі нұсқа,
Өзі мәнді сөйлейсің, өзі нұсқа.
Өскеменді жырламасам айып етпе,
Онсызда жалтақтаймыз облысқа.
Бар қазақтың даласы менің елім,
Жарар еді бұл Балғынбек соны да ұқса.
Ұлылардың Семейімде мерт қылғаны,
Ұлықтарың қорқақтау қолы қысқа.
Бәрібір сол Семейге оралады,
Кейбір қазақ тарих іздеп сабылысса.

Дейсің бе уәдемен ел алдаймын,
Мен өзім сөз аңдысам демалмаймын.
2005-дегенді айтып өттің,
Дегендей төрт тұяқты тең алмаймын.
Елбасының аузынан естіп пе едің,
Мен бірақ ондайыңды көре алмаймын.
2030, 2005 қаптап кетті,
Шынымды айтсам, цифрларға сене алмаймын

Ер бар ма бұл қазақтың көшін ұстар,
Жіберген қателерден шошыныс бар.
Мысалы, көтерілмей казақ тілі,
Болмай қалды оған ешкім осы құштар.
Тіл көтеру үш-ақ жыл демеп пе еді,
Үкімет уәдесінде тосылыс бар.
Тегінде бұл заманда қазағының
Қанында зерттелмеген қосылыс бар.
Әйтпесе қарға болып қарқылдай ма,
Таранып төрде отырған тоты құстар?

Махамбетше шыңғырып
Шындықты айтар күн туды.
Қайран қазақ тілінің
Жанарына мұң тұрды.
Балғынбек, айтшы осыны,
Сіз жақтағы ағалар,
Бұзады неге шырқымды?
Қолдау таппай ешкімнен,
Қайран қазақ тілінің,
Жағасы да жыртылды.
Айтып-айтпай немене,
Дінімізді де бүлдірді.
Тіліміз де қырқылды.
Айта беретін сен құсап,
Төрде отырған бастықтың
Уәделері бар, мың түрлі.
Ей депутат, ағалар,
Сіздерді халық сайлап па ед
Қандырып ал деп ұйқыңды?
Әтеш құсап ән салып,
Келтіресің күлкімді.
Қайран қазақ қайтейін,
Халық сенген қойлардың,
Күйсегені бір түрлі.

Балғынбек:

Ринат, шындықты айттың қаша алмайтын,
Мүгедек болдық алға баса алмайтын.
Кешегі Әз Тәукенің заманында,
Шалағай шала заңдар жасалмайтын.
Жалпыға «Жеті жарғы» жетіп жатыр,
Мәңгілік қартаймайтын, жасармайтын.
Ал бізде жетпіс жеті депутат бар,
Заң толы қағаздардан бас алмайтын.
Жеті жүз жетпіс жеті заңымыз бар,
Қоғамға еш өзгеріс коса алмайтын.
Мемлекеттік тіл болып жазылса да,
Қазақ тіл тамыр жайып өсе алмайтын.
Әйтпесе не болыпты он бес жылда,
Өзге тілден өзіне көше алмайтын.
Үнсіз депутаттар бар парламентте,
Сканвордтан басқа еш нәрсе шеше алмайтын.

Айтыстар

Барлығы: 832 айтыс

Тағы оқыңыз