Дидар мен Жандарбек айтысы (2-бөлім)
Дидар Қамиев, Жандарбек Бұлғақов · 3 мин оқу
Өзіне мырзалықты тән көретін.
Таспен ұрып жатқанды аспен ұрып,
Найзасын кезенгенге нан беретін.
Ауылымды жаңа көріп амандасқам,
Сен бала қоя тұршы жан алмастан.
Ағайын, енді бермен қараңыздар,
Қай ақын топ жарар деп алаңдасқан.
Ауылда айтыс өтед дегенді естіп,
Жүкеңмен бес-алты рет хабарласқам.
Жаркенттің 80 жылдық бұл тойында,
Кіммен жұп қылады деп мазам қашқан.
Балғынбекпен шығам деп бір ойладым,
Өнердің өлкесіне қадам басқан.
Күлім көз, оймақ ауыз Қарлығашты,
Қала бердім жұп қылып ала алмастан.
Жүкең маған басқа жұп таба алмапты,
Мына бір қалқан құлақ, қазанбастан,
Қасыма сүйретіліп қайдан келдің,
Қорғастың камазындай товар басқан.
Дидар:
Жандарбек ауызын айға білеген ғой,
Орынсыз үзеңгісін шіреген ғой.
Туған жер топырағым алтын ғой деп,
Өз халқынан қошемет тілеген ғой.
Астанаға оқуға кеткен едің,
Дегендей ол білімге сүйенем ғой.
Елді сүйсең кетер ме ең, елордаға,
Аңсап келдім дегенің құр өлең ғой.
Туған жердің топырағы алтын болса,
Қолда барда қадірің білер ең ғой.
Көлден табар бақытын мына балаң,
Шөлден іздеп жаңылған шүрегей ғой.
Немене тұғырыңды ұмыттың ба?!
Осы елден түлеп ұшқан түлегі ең ғой.
Көртышқан да көреген өз інінде,
Бұл сөзімді құлаққа ілер ең ғой.
Шаршы алаңды шаңдатқан Сәрсекбаев,
Алтыннан алқа таққан бір өрен ғой.
Туған елге оралып бағы жанды,
Өзбекті өгейсініп жүдеген ғой.
Сол құсап Жаркентке қайтып келсең,
Осы елдің тілеуін тілер ең ғой.
Бейжіңнен алтын алып келмесең де,
Бел жайлаудың белінде жүрер ең ғой.
Товар басқан камазға теңеймісің,
Шекарадан жолымды бөгеймісің.
Камаздан қандай зиян көріп едің,
Сен немене Қорғасқа өгеймісің.
Камаз болсам Жаркентті асыраймын,
Ал енді еңбегімді елеймісің.
Сондықтан мына маған байланысты,
Жандарбек байсың ба өзің кедеймісің?
Сүйретілген сүмелек дегеңінше,
Жаркентімді жарылқаушы демеймісің.
Жаратқан жеткізген соң нұрлы күнге,
Жаркенттің көгінен күн күлуде.
Жұдырықтай жұмылып осы тойға,
Ел-жұрт болып бәріне үлгеруде.
Сауық құрып Алашқа сауын айтып,
Дүбірлетіп думанды дүрлігуде.
Көкталдың көк талдары ырғалады
Тербеліп Дәнеш салған бұлбұл үнге.
Іргеңде Үлкен шыған, Кіші шыған,
Атыңды асқақтатып тұр бүгінде.
Саңылақ Сарыбелдің Сатайлары,
Баурайын Арқас таудың қылдың ірге.
Үшаралың ұшырған түлектерің,
Үш жүзге ортақ болып жүр бүгінде.
Осы өңірді зерттеген Шоқанның да,
Еңбегі жол ашады түрлі ілімге
Алтын көпір Қорғасың Қытайменен,
Екі араға қатынас жүргізуде.
Ырысыңның тарқамай тұрғандығы,
Осы елдің ынтымағын білдіруде.
Талай ұлтты басса да бауырына,
Түтіні түзу ұшқан түңлігінде.
Байсуаннның байлығы ақшада емес,
Балталаса бөлінбес бірлігінде.
Ақын жыры тірлікке өң береді,
Бағасын мына отырған ел береді.
Ағайын, өткен жолы Жандарбегің,
Арқаға серілік қып келген еді.
Төбесіне көтеріп менің ауылым,
Өз баласы секілді көрген еді.
Иығына оқалы шапан жауып,
Астына ат мінгізіп, ерлеп еді.
Ол аз десең күлім көз, оймақ ауыз,
Бір аруын беруге көнген еді.
Кезекпен ауылыңа мен де келдім,
Төредей қып күтерсің төрде мені,
Жаз көңіл, жаны жомарт Байсуанның,
Деуші еді етек-жеңі кең келеді.
Жандарбек сен де бойдақ, мен де бойдақ,
Сондықтан үзеңгіміз тең келеді.
Сыйға – сый, сыраға – бал деген бар ғой,
Қазақтар бұл мақалды жөн көреді.
Ендеше сен тұрғанда мына досың,
Несіне сұлу іздеп сенделеді,
Суанның сұлу қызын сыңар қылып,
Құр алақан қайтарма сен де мені.