Балғынбек пен Ринат айтысы (3-бөлім)
Балғынбек Имашев, Ринат Зайытов · 2 мин оқу
Астана күннен-күнге жайнап жатыр,
Той түгел қойнауында қайнап жатыр.
Мысалы, кеше ғана Арқа жақта,
«Астана күнін» жұртың тойлап жатыр.
Ол жерге шетел жақтан әртіс келіп,
Жасанды бұлбұл құсап сайрап жатыр.
Қазақтың миллиондаған ақшасына,
Осылай қанжығасын майлап жатыр.
Ал енді ауылдағы ағайындар,
Айлық қашан алам деп ойлап жатыр.
Балғынбек, неге астана әлі күнге,
Ауылдың тағдырымен ойнап жатыр?
Балғынбек:
Не жаман, бұл қазаққа сайлау жаман,
Кандидатты оққа әкеп байлау жаман.
Ринат, ел алдында дұрыс айттың,
Халықтың тағдырымен ойнау жаман.
Электронды дауыс беру қалай болар,
Әзірге қасқыр да аман қой да аман.
Көрпелері жетсе де көсілуге,
Серкелері сертінен тайған заман.
Есіктегі еліміз еншісіз қап,
Төрелер астанада тойған заман.
Сен ерді қашан саттым деп отырсың,
Есіңе түсірейін, ойлан,балам.
Той жасап Тоқтасынов Төлен деген,
Ринатқа ән айтқызып қойған заман.
Сәбилянов отқа түскен Нұртай ағаң,
Топқа түсіп үш рет сайланбаған.
Төлен өтсе шығыны төленген ғой,
Сайлау деген осындай майдан балам.
Төленді де мақтайсың, Нұртайды да,
Қос майданда соғысқан қандай жаман.
Сара емес, Абайдың ақынысың,
Мен сенің қылығыңа кайран қалам.
Барыстай балдызыма жөн болады,
Мысықтың мысалына айналмаған.
Ринат, сен әлі жассың, кекілдісің,
Халыққа жас болған соң өтімдісің.
Кеңдігін көрсетіп бір көңілімнің,
Бетіңді қақпайыншы, ниетім шын.
Астанада үндемей жүресің деп,
Сол сөзбен сүрінед деп отырмысың.
Әр сөзімді аңдығанға қарағанда,
Балдыз емес, абысыным секілдісің.
Сақал деген болды ғой бітпейтін жыр,
Мен сені әзіл сөзбен үптейін бір.
Сақалға емес жүрекке байланысты,
Ізгілікке апарар құт дейін бір.
Әйтпесе дінді бұзған дүмше молда,
Өтірік уағыз айтып жұрт жиып жүр.
Аңқау елге арамза молда болып,
Жылтыр беттер жұртты жеп быттиып жүр.
Сақалдың дінге қандай қатысы бар,
Сақал түгіл мұрты жоқ, мүфтиің жүр.
Сақалмен кімдер бүгін санасып жүр,
Көсе болған мүфтиге жарасып жүр.
Тура жолдан тайған соң талай қазақ,
Өзге дінге адасып, шырмалып жүр.
Оларға уағыз айтар молдалар жоқ,
Барлығы пітір жинап таң асып жүр.
Бүгінгінің Мекке барған молдалары
Тек қана жаназаға таласып жүр.
Ағалар елдік дейді, бірлік дейді,
Бірліксіз баяны жоқ тірлік дейді.
Бес жүз мың қазақ өтті басқа дінге,
Үлкендер бұған неге дүрлікпейді?
Миссионерлер зиялы мемлекетке,
Қайырлы іс қылуға кірдік дейді.
Маркстен ілім алған атеистер,
Миссионердің сөзіне құлдық дейді.
Имам жоқ уақытымен уағыз айтар,
Жайбасар жатқаныңды дін күтпейді.
Мода қуып Меккеге барған қажы,
Молда болып жүргенмен дым бітпейді,
Ішінде мысықтардың бәрі мешкей,
Шіркеуде шыбынға да шыр бітпейді.
Ринат:
Ол рас, Семей жақта той деген көп,
Балғымбек айта білші ойлы өлең тек.
Айтайын жағдайынан кандидаттың,
Көрсетіп көзіменен көрген ел көп.
Өз ағам ажал үсті жатқан кезде,
Хал сұрап па едің сен менен кеп.
Сол кезде қиналғаннан ақша таптым,
Фәнидің жазғандығы сол ма екен деп.
Әйтпесе өзің келіп көмек берсең,
Мен саған ешқашанда қой дегем жоқ.