Айтақын мен Жандарбек айтысы (1-бөлім)
Айтақын Бұлғақов, Жандарбек Бұлғақов · 3 мин оқу
Айтақын:
Ақын сөзі өлшенбес мысқалменен,
Тұщымды ой айтуға ұстамды ер ем.
Наурызда сіздерменен, жүздесіппін,
Нарық заман бүйірден қысқанменен.
Айтысқа тыйым салып тастағалы,
Қызыл тілім қырқылып, қысқарған ең.
Дөкейлер ақындарға бұғау салды,
Жар астында екен ғой дұшпан деген.
Ақындар билікпенен сыйыспадық,
Мысық жолдас болмайды тышқанменен.
Азат күнде қазақтың өнері өлсе,
Осы ғой намысыңа нұқсан келген.
Өнеріңді өшіріп, Үкіметтің,
Саясат шырмауында ұсталды өлең.
Айтысты өлтірмеуге жанталасқан,
Ермановта қайратты күш бар дер ем.
Ал, ағайын, қарсы алғын құшақ жайып,
Біздерге қуат берсін құшқан денең.
Ақындар алдарыңа қайта келді,
Көктемде қайта оралған құстарменен.
Жай сөзді мен айтпаймын жайдақталған,
Ақынмын қара сөзден қаймақты алған.
Алдарыңа кеп тұрмын атой салып,
Құлынымды ертіп ап, ойнақ салған.
Баламен жағаласты демеңіздер,
Хабардар боларсыздар жай-жапсардан.
Әйтпесе, бұл Айтақын доңыз емес,
Ашығып өз торайын шайнап салған.
Бұл дағы бір қоғамның қасіреті,
Баласын әкесіне айдап салған.
Ассалаумағалейкүм, жас Бұлғақов,
Әкеңе құшағыңды аш, Бұлғақов.
Көрерменнің таңдайын қақтырғайсың,
Тыңдарманды тамсантып, бас бұлғатып.
Айтыстың жабылуы тұрған жоқ па,
Қоғамның ауруын асқындатып.
Тек қазақтың бұйырған еншісіне,
Айтысым – даладағы дәстүр, жақұт.
Он үшіңде сөйлеп ең елдің сөзін,
Әкеге ұл өскені рас бір бақыт.
Өзіңдей бөлтірігім аман болсын,
Азар болса тастайды қасқырды атып.
Мен де бүгін айтарымды айтып қалам,
Құрық салсаң, ұстатпас қашқын уақыт.
Әкеңді топ алдында таба қылмай,
Өлеңіңді төк енді тасқындатып.
Сені көріп тай күнім еске түсіп,
Жанардан отырайын жас құрғатып.
Жандарбек:
Уағалейкүмассалам, дәу Бұлғақов,
Мен үшін асқаралы, тау Бұлғақов.
Сахнада балаңмен қауыштырған,
Әкетай, өкпелеме тағдырға түк.
Жарты өмірің айтыспен өтіп еді,
Жер теуіп, домбыраңды даңғырлатып.
Балаңмен кездескенің бақ емес пе,
Әр нәрседен іздейді әркім бақыт!
Ал, енді сен шап десең, мен шабайын,
Батыраш құлатпаса аңдып жатып.
Маңдайымнан сыйпасаң, құлыным деп,
Таңдайымнан жыр төгем жаңбырлатып.
Ағайын, бәрің бері келіңіздер,
Өлеңге қатты құмар едіңіздер.
Айтыстың неше түрі болады екен,
Баланың бұл сөзіне сеніңіздер.
Халықаралық айтыстар өткен кезде,
Біздер үшін уайым жедіңіздер.
Облыстық айтыстар өткен кезде,
Бұл айтыс жақсы өтті дедіңіздер.
Бұл айтыс ерекше айтыс болғалы тұр,
Әйтеуір бағаны әділ беріңіздер.
Айтыстың тоқтауына байланысты,
Отбасылық айтысты көріңіздер.
Әкемнен алушы едім тынбай тәлім,
Өйткені, өнегесін шын байқадым.
Бұрын-соңды басымда болған емес,
Тығырыққа тірелген мұндай шағым.
Ағайын, маған көмек беріңіздер,
Айтыста қайту үшін сынбай сағым.
Біреу тиіссе, әкеме айтушы едім,
Ал енді әкем тиіссе, кімге айтамын?
Бұл біздің түсіміз бе, өңіміз бе,
Әкетай, жұп қылыпты сені бізге.
Ойпырмай, осы айтысқа шығар кезде,
Қарсылас табылмап па тегі бізге?!
Жүрсін аға, әкеммен жұптап қойып,
Әкемді танытайын дедіңіз бе?
Әкетай, биші де сен, әртісте сен,
Тәуекел тартысайын, тартыс десең.
Сахнаға қарсылас боп қайдан шықтың,
Әкем боп отыр ең ғой талтүсте сен?
Ақын деп мені мұнда алдырар ма,
Ермановтың ойынан дәл түспесем.
Айтысты арбаға сап жарға айдады,
Ой, айтқыш, «жетпіс шешен, алпыс көсем».
Төл өнер төрден орын алуы үшін,
Әкеммен айтысайын, айтыс десең.
Тапжылмай маған қарап халық отыр,
Әкеңе кетеді деп қай тұста есең?
Не керек, бұл халыққа қызық керек,
Өзің біл, өз ұлыңды жай тістесең.
Сахнаға мен шыққанда тақым қысып,
Ас батпақ түгілі, сен шай да ішпес ең.
Мен болсам жалындаған жас баламын,
Әкетай, сеніп келдің қай күшке сен.
Екеуінің қайсысына болысам деп,
Дал болып отырма екен байғұс шешем?!