Мәшһүр-Жүсіп пен бір қожа айтысы
Мәшһүр-Жүсіп Көпейұлы, бір қожа · 1 мин оқу
Мәшһүр-Жүсіп:
Айтамын: «Айт!» – дегеннен әуелі Айдан,
Бір Құдай орын бергей бейіш жайдан!
Соны тапсаң, бір тыныс алдың, қожам,
Жаратты пайғамбардың нұрын қайдан?
Қожа:
Ырсай Алла, жан Алла пида болған,
Пайғамбар – қазынасы нұрға толған.
Ғабдолла Бұтырашқа нұрын төгіп,
Нұрынан бір Құдайдың пайда болған.
Мәшһүр-Жүсіп:
Он түйме өңірімде қатар-қатар,
Шешкенше сол түймені таңдар атар.
Үлкендікке талассаң, жол болады,
Дария мына жатқан қашан қатар?
Қожа:
Олла, ағылым демесе, ғасы болар,
Желді менен тоқсанда дария қатар.
Қарағай садақ қырық кез оқ барымда,
Сендей ақын жоқ па еді өзі атар?
Мәшһүр-Жүсіп:
Екі сексен бір тоқсан жұмбағым бар,
Жүйрік болсаң, соны тап, құла[ғың] сал?
Қожа:
Қарағай садақ, қырық кез оқ бар белімде,
Мендей ақын бар ма еді өз еліңде?
Екі сексен, бір тоқсан жұмбағыңыз,
Есептесең, екі жүз елуің де.
Мәшһүр-Жүсіп:
Сүйгенге бейіш іші сарай болар,
Екі он бес күн, төрт жұма – бір ай болар.
Кей байлар жүзден бірін зекет бермес,
Оның жайын сұраймын, қалай болар?
Қожа:
Әр не қылсаң, Аллаға аян болар,
Қылған ісің алдыңнан даяр болар.
Жиған малың зекетсіз, ақын, олжа,
Ақырында, жылан мен шаян болар.
Мәшһүр-Жүсіп:
Қожеке-ау, ояу қалай, ұйқы қалай,
Болғанда жаугершілік жылқы қалай?
Ақыретке барғанда, тақсыр қожам,
Жалғандағы ойын мен күлкі қалай?!
Қожа:
Жанның қамын ойламас ақымақ, есер,
Үйде отырып, арымен өлшеп-пішер.
Бұ дүниеде көп ойнап, көп күлгендер
Жылай, еңірей, тозақта күні кешер.