Құдайберген мен Қадиша айтысы (2-бөлім)
Құдайберген Әлсейітұлы, Қадиша · 2 мин оқу
Қаракесек, қаздауысты Қазыбегім,
Бақ қонған тірлігінде Исламбегім.
Затында Алтай бөрі Қазанқабым,
О-дағы болып өткен қаракөгім.
Сөзімді тыңдап отыр жұртым біліп,
Жылмиған жорғадайын кетем жылжып.
Исадан Бердалының Қабыш боп тұр,
Қабыш тұр қанша жұртты қарына іліп.
Жақсының әр атаға шығар даңқы,
Сөзімнің қисық сөйлеп, келмес мәні.
Патшаға тоқсан өгіз сый беріп тұр,
Қайсыңнан кем болып тұр Темірғалы?
Әр ата бір адамның айтсам затын,
Сөзімді келісімді жұрт тыңдасын.
Жантөбет өзі қажы, өзі молда,
Бақ қонған тірлігінде Ілиясым.
Ақыпта, Жолабада янды Домақ,
Жүз кісі сіздің елден болса қонақ.
Татқандай зәмзәм суын Мекке барып,
Келеді күнде арбамен жолаушылап.
Арғында Тәкен, Жансар ол Боқсары,
Солардай болмады ғой жұрттың бәрі.
Шортанбай Орта жүздің ордасы еді,
Сұршаға айтса батар сөз ызғары.
Әлмүсірә – әрі қажы, әрі указ,
Бұл кезде Мұқаммедияр указ болды.
Кереметпен құс боп ұшып Мекке барып,
Бағдаттың намазында қайта айналды.
Құтымның әрқайсысын айтсам керек,
Санаған құр құлын-тай неге керек?!
Құтымды жоғарыда айтып өттім,
Қадиша, сен сөйлеші, бердім кезек.
Қадиша:
Сиынып сөз сөйлейін құдіретке,
Сұршада шығып кетті сонау шетке.
Жылында жүз кісіні айдатады,
Мырза деп бекер айттың Исламбекті.
Керейде тек Текеде Бүртебайым,
Парақор Ташмұқаммет білдім жайын.
Қасен де қартайғанша пара жейді,
Еске алып, ойламайды бір Құдайын.
Құдайберген:
Құтыма тіл тигізбе, босқа шатпай,
Сөзіңді тура сөйле алшақтатпай.
Аптығып, әйелдікпен қаралайсың,
Барайын мен де аяңдап сіздің жаққа-ай.
Бұл сөзге неге тидің сорың қайнап,
Айтпадың әйелдікпен соңын ойлап.
Меккеге Науан қазірет жіберіп пе ең,
Тақсырды жібердің ғой Үркітке айдап.
Қарағым, Ташмағамбетті мақтадың ғой,
Бір қой үшін жіберген өз ағасын сотқа байлап.
Басыңды, қыз Қадиша, көтермейсің,
Көрпеңді сөзбен жапсам әбден жайлап.
Жасаған өнер берген бір құдірет,
Қата айтсам, бір Құдайға боламын шет.
Шақман тек мақтадың кезебіңді,
Жылында бір ұрлап жемесе, малына тиер індет.
Құтымның менің сендей кезебі жоқ,
Елімнің аруағынан садаға кет.
Қадиша:
Өлеңді айтсам дейсің ептей, ептей,
Жеңем деп ойлайсың ғой гауһар тектей.
Отырып, өз-өзіңнен ырғақтайсың,
Түсетін отқа барып көбелектей.
Бір мырзаң айтқандайын іздеп келген,
Қожахмет іздеп келіп, шекпен берген.
Бересің ат пен шапан сен де сұрша,
Жеңіліп Қожахметтей шекпен берген.
Рас па, Қожахмет іздеп келді,
Бір қызы Қарауылдың сені көрді.
Сенімен ойын ойнай келгенім жоқ,
Қиын ғой киім бер деу маған енді.
Мен кепіл бұл дүниенің тұрмасына,
Күлесің құрбың менен құрдасыңа.
Балаға он төрт жасар әкең беріп,
Құмарсың біздің елдің мырзасына.
Мен тұрмын тұрпатыңды жаңа көріп,
Шын қызсам, кетуші едім аттай желіп.
Кейінгі жастарымнан кет садаға,
Кетеді сенен көріп шалым жеріп.