Кәрібай мен Әсет айтысы (11-бөлім)
Кәрібай Таңатарұлы, Әсет Найманбайұлы · 2 мин оқу
Боқбасар, Қоман, Сасан обасынан,
Әділдік билік айтқан турасынан.
Бекіткен жүз түйе деп ердің құнын,
Айталық куәлік сөз расынан.
Әсет:
Қаржаста бір құтым бар – Мұса-Шорман,
Үзілмей келе жатқан ескі қордан.
Қазының бел баласы – Сәдуақас,
Бағы өрлеп келе жатқан елде қайдан.
Кәрібай:
Ей, Әсет, арғыныңды арқаланба,
Жақсы деп кісілерің шалқаланба.
Дүние үшін, мал үшін арын сатқан,
Мәнсап үшін жанын қиған жақының да.
Мен айтсам, адамымды жарасады,
Қай Арғын бұл сөзіме таласады?
Ақылды, адалдығы, санасы мол,
Кедей-кепшік, кемтарына қарасады.
Тағы да есіме түсті мына бір жай,
Арғында болған емес дәл мұндай бай.
Гүберналық, үйездік, жандаралға,
Ақшамен шай қайнатқан Ақшабай бай.
Ақшамен самаурынды қайнатқанда,
Петрдің шыдай алмай шыбын жаны.
Боғастың суы ақпай қалады екен,
Бұланның суға түссе жылқы-малы.
Әсет:
Антұрған, Құдай ұрған, Тәңір атқан,
Осыған қайтып сияр мұнша мақтан?
Байжігіт беріп жылқы, саумал ішті,
Зәлім де одан бұрын қулық артқан.
Көңілге келген істің бәрін мақтап,
Менімен сөйлестің-ау әбден шатпан.
Өз іші Байжігіттің ала болып,
Шабылып, Қамбар төре түсті тақтан.
Еліртіп Байжігіттің надан елін,
Жолына ер Қамбардың құрды қақпан.
Кәрібай:
Естідік қой Ақсуаттан Тышқанкөзді,
Атамыз қасиетті шешен сөзді.
Салып ед Ақсуатқа алтын сарай,
Мінеки, оны-дағы көзің көрді.
Ақ бөлке, ақ тоқаштың исі мүңкіп,
Дүрілдеп жүріп жатқан диірмені.
Прауиласы ағаш үйде орналасқан,
Бас қосатын Жанболаттың жиын жері.
Саялы қалың тоғай көлеңкелі,
Моншасынан тазаланып кеткен кірі.
Мысырдың шаһарындай сайрандайтын,
Масайраған Жолымбеттің қалың елі.
Әсет:
Кәрібай, хат білмеген сен бір надан,
Наданның ғылымы жоқ көңілі қараң.
Әуелі Хақ, одан соң Нұқ пайғамбар,
Менімен сөйлесесің қай арадан?
Талғаусыз дін исламнан караңғысың,
Түсінбей шариғатты қалған надан.
Көрінген әр жұмысқа жармасасың,
Кісідей суға кетіп, тал қармаған.
Жынды бота секілді бір делбесің,
Сені де ақын дейді-ау аңғармаған.
Кәрібай:
Бола алман енді молла сенен оқып,
Өз дауымды аткелдейін іштен тоқып.
Ғылымды молла болсаң, әкеңді күт,
Зар илеп жүр, өкпесін кене шоқып.
Мінген ат, үстіңдегі киген киім,
Былтыр емес, сөйлеші, биыл кімнен?
Өлетін баладайын көрге қашып,
Бар болсын күнің бүйтіп ғылым білген.
Елден тілеп аласың тоқты-торым,
Бүтіндейсің жейдеңді жетсе қолың.
Халифа болсаң, күтсеңші ата-анаңды,
Арылтсаңшы басынан соның сорын.
Қу мүйізді құшақтап әкең жүрсе,
Қайтіп қана болады сенің жолың?
Әкең қоян болғанда, сен – бір көжек,
Осылай деп айталық, келді кезек.
Өз әкеңді алдымен сыйлар едің,
Ғалым болсаң оқыған алтын өзек.
Әсет:
Кел бері, сөйлеселік шариғаттан,
Фанихат, мағрифат, тарихаттан.
Есесі әлгі сөздің бұл емес қой,
Барасың қайда лағып, Тәңір атқан.
Оң сөйлесем, лағасың теріс сөйлеп,
Әдетің бе үйренген бала жастан?
Қарапайым дал ұрған делбе екенсің,
Ақын ғой деп ойлап ем елден асқан.