Бақтыбай мен Мәйке қыз айтысы (1-бөлім)
Бақтыбай, Мәйке қыз · 3 мин оқу
Бақтыбай:
Кітапқа қисса болар жазған өлең,
Шерменде пенде, сірә, бар ма менен?
Жатқанда бидай орып орақпенен,
Айтыстым Мәйке қызбен іздеп келген.
Шұбарға салдым бидай, біраз тары,
Адамның дұшпан екен алған жары.
Найманға жолаушылап кеткенімде
Жеп қойды егінімді елдің малы.
Сол жерде қайғы түсті батырыңа,
Еш нәрсе тиянақсыз ақылымда.
Мазамды келген жерден кетірген соң,
Еркексіп, қоқаңдадым қатыныма.
Сол жерде бәйбішемнен кетті мазам,
Өзіме азар болды қылған жазам.
Бидайды асарлатып орғызбаққа,
Істедім бидай көже екі қазан.
Үстіме шоқай етік, кидім шекпен,
Қолыма орыс орақ, алдым кетпен.
Әулігіп, ел қыдырып жүремін деп,
Оратын бидайдың да уағы өткен.
Бидайды орайын деп икемдедім,
Қолыма орақ алып, түйтеңдедім.
Төбесі кезден ұзын қалпағым бар,
Міндім де, бір сиырға тепеңдедім.
Бидайдың өзі піскен аса шөлдеп,
Болып тұр мойны сынып, қирап өлмек.
Шаруамды төкпей, жинап алайын деп,
Сиыр мініп шықтым үйден күйбелеңдеп,
Артыма екі қарын көже теңдеп.
Бидайға сәске түсте жетіп бардым,
Бардым да, «Пысмылда» деп, орақ салдым.
Отыз бау түске дейін байлап қойып,
Басында бір қырманның демімді алдым.
Жаратты Бақтыбай ғып Хақ Тағала,
Үйдегі не демейді қатын-бала.
Көз салып, ауыл жаққа қарап тұрсам,
Келеді тура жүріп жалғыз қара.
Қасыма ер Меңдібай жетіп келді,
Келді де, Бақтыбай деп, жауап берді.
Секілді қортық қошқар, жазғаным-ай,
«Басыңды бермен қарай көтер», – деді.
– Ауылға Сыпатайдан бір қыз келді,
Өнері сенен артық екен, – деді.
Ол сенің ақындығың бекер дейді.
Басыңнан кісілігің кетер дейді.
Бақтыбай, барың болса, қамданып қал,
Ажалың осы қыздан жетер, – дейді.
Хабаршыға айтқан Бақтыбайдың сөзі:
Ертіске ел қонғанға түсер кеме,
Мақтадың, ей, Меңдібай, мұнша неге?
Алдыма адам ұлы түскен емес,
Қашырма дегбірімді, жаман неме.
Ауылдан бір топ адам шыға келді,
Екпіні самалданған соққан жел-ді.
Қолында сырлап қойған сары домбыра,
Түрленген тоты құстай бір қыз келді.
Жан екен сыны түзу сырлы аяқтай,
Бақаңның жерде тұрып көзі көрді.
Қыз екен қызылсары, бойы сұңғақ,
Қолына сары домбыра алған сырлап.
Аққудай желді күнгі аспанға өрлеп,
Толқытып шығарып тұр әннен ырғақ.
Қызығып, қыз сөзіне бойы балқып,
Еңкейіп тұра берді Бақаң тыңдап.
Көрген соң Бақтыбайды олқысынып,
Төрт ауыз өлең айтты Мәйке жырлап.
Мәйке:
Бақтыбай топтан шыққан ақын еді,
Ақынға ақын адам жақын еді.
Есітіп Алатаудай атағыңды,
Көңілім көлеңкеңе балқып еді.
Жаралып топырақтан Адам ата,
Әйелден еркек заты артық еді.
Ұмыттың Адам ата әуел жолын,
Қадірлеп, үйден күтіп жатыр едім.
Жалайыр, көп мақтаған ісіңізді,
Өнер мен тілге біткен күшіңізді
Көрген соң көңілім жасып, қатты ұялдым,
Күйкиген күн қақтаған түсіңізді.
Бақтыбай:
Көңілім осы күні басылып жүр,
Әркім-ақ дәулеттіге бас ұрып жүр.
Үстімде шолақ шекпен, шоқай етік,
Кедейлік берекемді қашырып жүр.
Бұтымда жеті жылғы қатқан шалбар,
Әр жерден әбүйірім ашылып жүр.
Бақтыбай тау суындай қылтылдап жүр,
Буыным бидай орсам, сыртылдап жүр.
Бір сиыр әрі көлік, әрі сауын,
Жоқшылық мені сынап, сыр тыңдап жүр.
Жасымнан сөйлеп жүрген сөзім еді,
Бидайға келіп тұрған кезім еді.
Тұрмысың қорашсынып, қарындасым,
Бақтыбай – тақыр кедей өзім едім.