Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Кәрібай мен Әсет айтысы (3-бөлім)

Кәрібай Таңатарұлы, Әсет Найманбайұлы · 2 мин оқу

Жаратқан ғаршыл-күрсіл лауһүл ғалам,
Біткен жоқ бұл туралы сөзім тамам.
Халқым қалап, сенім артып, сөз берген соң,
Сүйсінерлік сөз моншағын мен де табам.

Ісімді өзің оңда, Хақ Тағалам,
Сиынар жарлыққа – деп, – ғалам саған.
Бал жұтқан бармағынан ер еді, – деп,
Келдім де, Сүлекеме бердім салам.

Сүлеймен Қабанбайдың баласы еді,
Сауыттың оқ тимеген жағасы еді.
Аралас, сүйек-шатыс, құдандалы,
Солардың жолдастығы рас еді.

Бұрын да біздің жаққа келген еді,
Азырақ ән тартқызып көрген еді.
Аулына Шерекеңнің ертіп барып,
Батасын ықыласпен берген еді.

Сүлекем, сәлемнен соң сөгіп кетті,
Көрмеді бұрынғындай, сыртқа тепті.
«Ерім өліп, ырысым бұзылғанда,
Кәрібай, көңіл айтпай, саған нетті?!
Ақырып, төре, қара жинап бер!» – деп,
Алдырып, бір домбыра жарлық етті.

Алдырып, бір домбыра қылды әмір,
Қоймады ән салмауға Сүкем сабыр.
Ішімнен Хаққа жылап: «Тәуекел», – деп,
Жағынан күншығыстың соқтым дабыл.

– Ұрпағы Қабекемнің батырларым,
Дәстүрін ұстаған ел ата бағын.
Қаракөк тұқымынан үзілместен,
Ұстадың Қабанбайдың алтын тағын.

Ту алып, тұлпар мініп, ер Қабанбай,
Күніне қырық сан қолдың жолын ашқан.
Тақ мініп, тәжі киіп Әбілпейіз,
Ұрандап, мұсылманға жарлық шыққан.

Қақ жарып қара қылды, қиып айтқан,
Боранбай өз тұсында билік айтқан.
Хан Қамбардың артынан ер Ботабай
Алты алашқа әділ сөз түйіп айтқан.

Найманда ие болдың алтын таққа,
Жерің жоқ есең кетіп жүрген жатқа.
Сүлеке, ашуды қой, көш ақылға
Ісінді бергеннен соң шариғатқа.

Бөкенші, Мамырбек пен елдің басы,
Құн келсе, қалдырмайды жаман атқа.
Осындай ұлы жиын ойпаң жерде,
Жарап ем сол ерлерге қолғанатқа.

Естіпті Әсет ақын бізді қазір,
Сол жерде болған екен ол да әзір.
Екі айғай хан сиязда душарласып,
Жиылып, мың жарым қол болды кәміл.
«Бір Алла таразысын ауғызба», – деп,
Дұғаға қол көтерді аға-бауыр.
Бас қосқан зор жиыны екі ханның,
Бірлескен мәжілісі хан, сұлтанның.
Ер кұны, қазақ жолы – ереже бар,
Және бар шариғаты мұсылманның.

Дүниеге ойлап тұрсам, ғапыл едім,
Аллаға құлшылыққа жақын едім.
Сымпиып, сұр жыландай Әсет келді,
Сөз сайлап, осылайша жатыр едім.

Тысы – ләмбік, іші – құндыз, камшат бөрік,
Өзіне келді өзі, сәулет беріп.
Үстінде шағи-шапан, қүлдәрі белбеу,
Құбылып келді Әсет қырын беріп.
Жиналған Керей, Найман құмарланды,
Жүйрігі екі арыстың душар келіп.

Сүлекем оны-дағы сөгіп кетті.
«Сен де ән сал! Сауық қыл», – деп, жарлық етті. Ол-дағы әзір жауап, бейпоз екен,
Қиқулап, қоңыр қаздай сөйлеп кетті.

Ән салды буырқанып Әсет ақын,
Байқаған оқып, тоқып сөздің парқын.
Төрт ұлын Төлегетай тең сөйлейді
О да жаттап алыпты елдің шарқын.
Ер екен, айтса, айтқандай жүз құбылған,
Сыпайы сөзге шешен, ашық-жарқын.
Іркілмей салған жерден кетті желіп,
Сезіндім шын тұлпардай бар деп қарқын.
Алдынан екі ұлықтың ән шыққан соң,
Қалың ел басып кетті қара барқын.
Бір жазым сөзден оқыс бола ма? – деп,
Бойсырап, көп толғанды біздің алқым.
Дүбірге көп қосылған ол да жүйрік,
Көрсетті сөзбен сөйлеп елдің нарқын.

Айтыстар

Барлығы: 832 айтыс

Тағы оқыңыз