Әжек пен Шәріпжамал айтысы (1-бөлім)
Әжек Мырзаұлы, Шәріпжамал · 2 мин оқу
Әжек:
Әуелі сөз сөйлеймін ойда бардан,
Анадан өлмей қалмас туған адам.
Біз тұрмақ, Адам ата олар да өткен,
Болады кімге жолдас пәни жалған?
Сыртыңнан ақын деген атыңды естіп,
Әдейі айтысуға келдім саған.
Даңқты сен сықылды болмасам да.
Бұл жолы бәйге алмақпын келсе, шамам.
Қарышта, барың болса, қапы қалма,
Деп жүрме бұл Әжекті жәй бір адам.
Мен саған біле білсең, келген тажал,
Із қуып, сұрастырып одан-бұдан.
Бұл сөзді бұл неліктен айтты деме,
Түсінсең пернелеген наздық саған.
Әуелі тосырқамай өзің менен,
Өлең айт, отыр-дағы бері таман.
Шәріпжамал:
Мен-дағы сөз сөйлеймін ойда бардан,
Ер жігіт қор болмайды талаптанған.
Барында талабыңның талпынып қал,
Әр жерде-ақ талапсыздар қарап қалған.
Таластан, тартысудан, шекісуден,
Адамға өнер-айла сабақталған.
Бұл өмір басымызда тұра бермес,
Бір күні-ақ өте шығар жарақталған.
Жас өсіп, кәрі еңкейіп, орта ер жетіп,
Бұл тағдыр уақытыңды санап болған.
Талпынып ойда барды қарыштап қал,
Қызық шақ кетпей тұрып жастық қолдан.
Кез болдың дәм-тұз айдап бұл жиында,
Болғанда сен іздеген, біз – сұраған.
Аптықпа, Әжек батыр, сабырлық қыл,
Асығу өз басыңа болар жаман.
Әркімнің тауы өзіне биік деген,
Біле білсең, ескеріп айтам саған.
Сен-дағы іздеп келген бір ер едің,
Өлең айт, тәуір сайлап, қарап маған.
Әжек:
Сирағы мылтығымның қу тал болды,
Атқаным сілеусін деп, сусар болды.
Бұл сапар жолым менің болады екен,
Іздеген сұрағанға душар болды.
Шәріпжамал:
Сөйлей бер, жеке батыр, сөзіңді енді,
Сыртыңнан естуші едім, көзім көрді.
Болғанда сіз іздеген, біз – сұраған,
Тойында Жәмиланың кезім келді.
Әжек:
Сөйлейін, олай десең, алғы биден,
Кімдер кеп, кім өтпеген бұл дүниеден?
Шәріпжамал, көрмесек те, есенбісің,
Шырайлы жұрт қараған жақсы күймен?
Шәріпжамал:
Саумысың, Әжек, сен де көрмегелі?!
Пәнденің жүз көрісер өлмегені.
Болғанда сен іздеген, біз – сұраған,
Қоялық есендесіп келсе, жөні?
Әжек:
Келмесін пейілі кеңге неге жөні,
Қолың бер, расын айтсаң, сен де оны.
Болғанда сен ақ шәйнек, мен – самаурын,
Мен келдім ақ шәйнекті демдегелі.
Ұядан ұмтыла ұшқан ақ балапан,
Қолыңа келіп қондым жем жегелі.
Шәріпжамал, осы бастан есіңде ұста.
Қалайда тояттаймын, келсе, жөні.
Шәріпжамал:
Сен, Әжек, жел сөзге еріп, болма сері,
Қырғи сап, ілдіргендей бөденені.
Өлең айт, тәуір сайлап жөніңменен,
Желігіп, қозғай берме әлденені.
Талпынып, бала құстай ұмтыласың,
Еңбексіз ақ төсімнен жем жегелі.
Өзіңе қанша уақыт болып еді,
Жолына боз [бей]бастық ермегелі?
Жүзіңді [мен] манадан зорға көрдім,
Адамдай асық болған көрмегелі.
Бар ма еді араздығы бұл Әжектің,
Тұсыма ерте басып, келмегені?
Әжек:
Дауысың, Шәріпжамал, таудан биік,
Жалғаннан кім безіп жүр нәсіп тиіп?
Қаңлының барлық қызы ақын шығып,
Тұсыңа жаңа келдім кезек тиіп.