Кәрібай мен Әсет айтысы (8-бөлім)
Кәрібай Таңатарұлы, Әсет Найманбайұлы · 2 мин оқу
Әсет:
Тең келер қай жақсың бар Жексенайға,
Дұғасы қабыл болған Күн мен Айға.
Баласы Жексенайдың мырза Айтқазы,
Міскінге ен сап берген тоқсан тайға.
Байлығы, жомарттығы, міне, осындай,
Деушедім өлшемейін бұл маңайға.
Кәрібай:
Енді іліндім Тойке мен Көкебайға,
Қалмасын кезегінде бұлар жайға.
Саны бар қошқарының дәл екі жүз,
Тең келмес Жексенайың Кененбайға.
Сүйкімді болсаң, мұнда неғып жүрсің,
Еліне ер қадірлі деген қайда?
Әсет:
Шығарды Арғынға ұран – Қарқабаттан,
Кәрібай, сөйлесеңші парасаттан.
Болғанда Найман –жалғыз, Арғын – алты,
Сол күннен кемшіл едің тізе қаққан.
Ежелден жер мен көктей ағалығым,
Құр бекер сөйлесесің, Тәңір атқан.
Әрдайым айтқан сөздің өлшеуі бар,
Ем болар артық сөзден ауыз тартқан.
Кәрібай:
Шығады Найманға ұран Қабанбайдан,
Саналы ақылды би – Боранбайдан.
Жолымбет оң қанатын мыңға жайған,
Мал басы бірдей өсіп тау мен сайдан.
Көшкенде тоқсан нарға жүгі сыймай,
Озбаған қазақ халқы Бұланбайдан.
Мүлгіген жүз жаяуға ат мінгізіп,
Әбіштен оза алмаған Арғын-Найман.
Затыңның қомағайлық – құлдығынан,
Жеңілген Тіленші ағаң Кегенбайдан.
Бөлінсе, тоқсан ауыл жоқтамайды,
Қай Арғын басқа өсімді Тоқабайдан?
Әсет:
Кез болдың ажалыңа сен, Кәрібай,
Шықпайсың топтан тірі жалбырамай.
Ат сауырын бермеген мұсылманға,
Итқұсты, Нұрмұқан мен Досан, Жанай.
Найманға сөзден есе берген емес,
Байлығы, батырлығы ұшан-теңіз.
Ол түгіл бір шабақтай болсаң қалай?
Баяғы Сартай, Құсбек, Шыңғыс төрем,
Жол айтқан мұсылманға талай-талай.
Жиылса, қырық сан Қырым жол бермеген,
Барында Мұса-Шорман, ер Құнанбай.
Кәрібай:
Ел озбас алты Байыс ұруынан,
Айтпаймын өзге Найман қырымынан.
Басы – мұхит, аяғы – Қара теңіз,
Дариға ғайып ерен тұқымынан.
Аттанса, ертең ерте кешке жетер,
Желіде ұзын жатқан құлынынан.
Ел екен, Уәли мен екі Құтым,
Аспаған қалың тоғай құрығынан.
Ер Қасен, бай Мұрсәлім, мырза Ыдырыс,
Күйзелмес алты мың үй ұлығынан.
Айтайын Жолымбеттен бері қарай,
Жауапқа дайын тұрмын ұруымнан.
Құнанбай, Құсбек, Сартай, Шыңғыс, Мұса,
Талай кедей зардап шеккен болып құса.
Шорман – Мұса зорлықшыл қылығынан
Жер ауып не көрмеді Жаяу Мұса?
Байларың көп, бірақ та қайырымсыз,
Нашар мен кедейіңді сор қайнатса.
Әсетжан, бәрін айтсам жабырқарсың,
Салтанатына Найманның таңырқарсың.
Қашып кетіп, өкпелеп, көңілге алып,
Әзірге доғарайын сөздің артын.
Ер Молдабай мәнжүрмен күрес алып,
Орыс, қытай таң қалды көрген халық.
Қысырақтың үйірі ат пен түйе,
Бас жүлдеге ақ жамбыны кетті алып.
Жылқысы Ақшабайдың алтын шұбар,
Ақ-қара, қоңыр-жирен, көп түрі бар.
Құланның айғырымен шағылысқан,
Күміс құндыз жалтылдап, көз тұндырар.
Көненің көзі болған асыл тұқым,
Тарбағатай, Ақсуатта әлі де бар.
Жат елдің адамдары таңғалысып,
Жылқыны бір көруге болған құмар.
Жүз тайлақ атанған Бәтіш сұлу,
Шөбересі Ақшабайдың қызы болар.
Құр бөсіп мақтанасың, «Арғынмын», – деп,
Бұларға тең келетін қай жақсың бар?!