Кәрібай мен Әсет айтысы (9-бөлім)
Кәрібай Таңатарұлы, Әсет Найманбайұлы · 2 мин оқу
Тізсем бәрін жақсыларым таусылмайды,
Найманға арғындарың тең келмейді.
Онан да жеңіл-дағы жолымды бер,
Ұмытпай Тәңірменен бір Құдайды.
Әсет:
Сүйіндік сөз сөйлейін Қарашордан,
Түстікке көше алмайды дәулет молдан.
Олжабай Орта жүздің батыры екен,
Құтқарған неқиратты түскен тордан.
Жарайсың бір сөткелік тоятыма,
Қанатым аю ілген, бұған қомдан.
Арғынның осы бір ата озған жері,
Анықтап, үзілместен кыдыр қонған.
Баласы Бекболаттың Тіленші би,
Кезінде Орта жүзге болған қорған.
Төбемді аздан кейін көре алмайсың,
Саулатсам бейпіл сөзді оң мен солдан.
Айдос, Қайдос, Жігітек – әкесі Олжай,
Бұларға кім тең келер білсең, болжай?
Төртеуі бір атаның баласы екен,
Ырғызбай, Көтібақ пен Топай, Торғай.
Салыстыр осыларға болса аруағың,
Өз обалың өзіңе, қалсаң, томай.
Кәрібай:
Салайын «Қарашорыңа» Байжігітті,
Шаянбай, Ботабай мен екі құтты.
Қазақ жоқ малы халал Шайекендей
Ұстаған қажы Бөгіс жомарттықты,
Ұрқынан дәл он екі қажы барып,
Мақтан емес болып тұр дінге мықты,
Жақастың мына отырған Сүлеймені,
Қалмақтар Құлыстайдан қойдай ықты.
Бұл күнде хан Тоғастан Сасан шықты,
Баласы Еркенженің Құрманқажы,
Бір күнде қырық сан қалмақты жерге тықты.
Ерлікпен көп қалмақтың қанын төккен,
Арғында батыр бар ма тыңғылықты?
Еңсе үкірдай, шотайда Қонжа батыр,
Қай қазақ өлшесуден үзді үмітті.
Жаз-қысы өлдік қой деп қу қаладан,
Арғында жылап жүрген газет шықты.
Барларың жоқтарыңа қайыр қылмай,
Кереку, Семей жаққа елің ықты.
Еліңнің ескі салты болған кекті,
Кебек өліп, Қалқаман қайда кетті?
Рақымсыз, бауырсыз ел, ол – Тобықты.
Ежелгі ел тарихтан сабақ алмай,
Неге жимайд, қаңғығанын болса, мықты.
Олжабай заты – сіңбе, қырғыз еді.
Арғын да шикілігін білгізеді.
Батырлығын, палуандығын қайрап салып,
Нашарларға жуандығын білгізеді.
Тобықты Саптаяқ та батыр еді,
Қалмаққа қолға түсіп жатыр еді.
Құтқарған сол бұғаудан, түскен тордан,
Найманның Тәукесі мен Тоғас еді.
Бағалаған қасиетін Найман елдің,
Батырды Саптаяқтай естіп педің.
«Тәуке мен [ен] Тоғастай батыр бол», – деп,
Атапты екі бірдей немересін.
Әсет:
Арыстың асқан жері Ырғызбай бай,
Арыста қай ұлың бар Ырғызбайдай?
Меккеге екі барып, дәурен сүрген,
Бай ұғылы Өскенбайдың қажы Құнанбай.
Меккеге Құдай үшін үй салдырған,
Сауапты адамың жоқ сенің ондай.
Алдында қажылықтың қылды жарған,
Билеген әділдікпен төрт дуанды-ай.
Тұсында Мұса бала қатар шығып,
Жүрісі екеуінің кер бұландай.
Арапша, орысша оқып, түгел жеткен,
Озып жүр Орта жүзде мырза Ыбырай.
Ұрхымен болыс болып ел биледі,
Найманда дәл кімің бар осыған сай?!
Ғалымды білімменен қатар ұстап,
Ақылы Орта жүзге жанған шамдай.
Таба алмай бұған орай сандаларсың,
Қаншалық болсаң-дағы құр жез таңдай.
Ойлама Арғын жөнін білмейді, – деп,
Елінен осы күнде жүр деп шалғай.
Еліңде бұған орай кісі бар ма,
Әйтпесе, тарт тіліңді былжырамай.