Бақтыбай мен Мәйке қыз айтысы (2-бөлім)
Бақтыбай, Мәйке қыз · 3 мин оқу
Мәйке:
Абылай аты шыққан үш төре боп,
Көк шығар көктемеде тістеме боп.
Аруағың Жалайырдан асып еді,
Жәкетай, не ғып тудың кішкене боп?
Ертіске ел қонғанда түсер кеме,
Жаны бар, бұл сөзді де бекер деме.
Даңқыңыз Жалайырдан асқанменен,
Қортық боп тудың, сорлы-ау, мұнша неге?
Бақтыбай:
Қарашы шамасына мыс пен қола,
Шырағым, өкпелеме бойға бола.
Болғанмен бойым тапал, ойым – биік,
Кеудемде шірімейтін алтын тола.
Өмірі Бақтыбайдың осы деме,
Келіп ем шаруам үшін бидай ора.
Көктегі мен ақ тұйғын
Көлден аққу ілетін.
Таудағы жүрген ақиық
Бақаң бүркіт емес пе,
Сайдан түлкі бүретін?
Нарқымды білсең, Мәйке қыз,
Жөнің емес күлетін.
Сары тоғайда қырғауыл
Мәйкетай сіз емес пе?
Кәрі тарлан қаршыға,
Үйрек пенен тоты құс,
Қанша жарлы болса да,
Алқымында жүретін.
Мәйке:
Қыдыр шалып, бақ қонған
Ескелді бір атаңа.
Махшарда Құдай сүймеген
Меккенің дәмін тата ма?
Көрмекке іздеп келіп ем,
Жалайырға сүйікті,
Тіліңе біткен опаңа.
Қалжың да болса, тоқтадым,
Аузымнан шыққан қата ма?
Ұлықсат етсең, келіп ем,
Алайын деп батаңа.
Бақтыбай:
Өзен судай кемелім,
Салқын үйде отырсам,
Шығар еді өнерім.
Әрі-бері сапырсам,
Әуселеңді көрермін.
Қырыққа жасым келгенмен,
Әзілдесіп ойнауға
Қыздар деген шіркінмен
Әлі күнге шебер ем.
Жарамайсың жалғыз-ақ,
Еркек бала сен болсаң,
Өлеңім бәрі кетсе де,
Аямай, бата берер ем.
Мәйке:
Бақтыбай, босқа желікпе,
Еркек – дарақ, біз – бұтақ.
Аңғарып айт, демікпе.
Әйел де адам баласы,
Бір жақтан ауып келіп пе?
Қыз да болсам, мен сені
Жібермеймін ерікке.
Өзіңді өзің қамбаздап,
Бізді мұнша кемітпе.
Ақылмен ойлап шешесің
Осы сөздің егесін.
Ақыретті ойласаң,
Дүниеден тегі безерсің.
Жаман болса ұрғашы,
Жазы-қысы тыным жоқ.
Көрінгенге күл шашып,
Жазған-ау, неге кезесің?
Бақтыбай:
Бақтыбай қылып Құдайым
Жасымнан мені жаратты.
Ішпек-жемек уажіп,
Пендеге берген санақты.
Арсалаң ақын о да аман,
Түбек пенен Жанақ-ты.
Айтыспақ түгіл бұлар да
Нұсқауымнан қамапты.
Үш кессе де, жыланды,
Кесіртке әлім бар-ақ-ты.
Араладым бірталай
Абақ пенен Тарақты.
Өлеңменен айтыста
Тартушы едім қадақты.
Таразыға түскенде
Тартынбай сөйле, Мәйкежан,
Бала екенсің талапты.
Сен қандайсың, мен қандай,
Белгілі болар әлі-ақ-ты.
Мен – ақ тұйғын, сен – торғай,
Жаздым, міне, қанатты.
Мәйке:
Ілгері кеткен егдесің,
Құнан да, тай да табың жоқ,
Байлықтан біткен бағың жоқ,
Көрмегендей шағың жоқ.
Мақтаннан еш береке өнбегендей,
Қамтитып көкірегіңді қаққанменен,
Қайда бар мал мен басың өрлегендей
Аттыдай жаяу тұрып мақтанғанмен.
Мұныңмен сөз орнына келмегендей,
Без, шіркін, мысыққа да бітетұғын,
Мияулап, мауық іздеп, шөлдегендей.
Көтеріп өзіңді-өзің қампиясың,
Жайыңды Мәйке барып көрмегендей.
Бақтыбай:
Тау суындай тасулы,
Келтірме, байғұс, ашуды.
Перінің қызы болсаң да,
Кемітпей сөйле басымды.
Танымайсың нәсілді,
Он екі жасқа келгенде,
Аруағым әлде шашылды.
Кедейсің деп кемітпе,
Мен сияқты асылды.
Жаратты Бақтыбай ғып Құдай мені,
Бір сөздің айтатұғын келді жөні.
Келді ме Түлен түртіп сен, бейбақты,
Қалайын бір айттырып, келсе, жөні.
Мәйке:
Жақсы айтсаң, Бақтыбай,
Ақ маңдайда бағың бар.
Қалыңмалға жеткендей
Жазған-ау, қанша малың бар?
Көрініп тұрған түгің жоқ,
Көрсетпей жиған қазына,
Қанша сенің халың бар?
Күшік деген халықта
Некелеп қойған жарым бар!
Қара суда балық бар,
Айтқан сөзде парық бар,
Күшік деген халық бар,
Он үш айда жетемін,
Соған шейін алып қал.