Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Әжек пен Шәріпжамал айтысы (4-бөлім)

Әжек Мырзаұлы, Шәріпжамал · 3 мин оқу

Тұқымы – Албан, Дулат, Бақай батыр,
Әр іске ерлігімен болған қапыл.
Баяғы қазақ-қалмақ соғысында,
Бұл тауға батырлықпен тіккен шатыр.

Содан-ақ Бақай деген ат қойылып,
Аталып бұл күнге шек келе жатыр.
Еш уақытта жұртқа аты әйгілі боп,
Қаңлыдан шыққан емес мұндай батыр?!

Шәріпжамал:
Мен өзім жас күнімнен көрдім қызық,
Періште қылғаныңды тұрар сызып.
Айтасың бетсіздікпен өтірікті,
Сен неден, Қызылбөрік, болдың бұзық?

Әжек:
Қаңлыға бұзылғаннан Қали келген,
Қалидың келгеніне ел нали берген.
Қой қосып, атын байлап қорыққанынан
Бір қызын Жаркейің де босқа берген.

Шәріпжамал:
Қатардан жүйріктікпен жүрмін озып,
Өнерге мен де сондай қолым созып.
Кешегі ер Қожабек өткеннен соң,
Тентіреп, сенің аулың кетті тозып.

Әжек:
Сұрасам, Үкібайды Арғын, – дейді,
Қаңлыға мұра болып қалдым, – дейді.
Сен тұрмақ, мен ойласам, құса болам,
Нәубетін әкеңіздің алдым, – дейді.

Шәріпжамал:
Құдайдан жүргін, Әжек, түбін сұрап,
Береді, тәубе қылсаң, анық жылап.
Кешегі ер Қожабек өткеннен соң,
Басыңды тұрған жоқ па Ораз құрап?

Әжек:
Көпбайың құсаменен қалған өліп,
Кетті екен кейінгі елін кімге беріп?
Еліңде бас көтерер адам бар ма?
Соңынан бір Арғынның жүрсін еріп.

Шәріпжамал:
Келемін жастайымнан өнер бағып,
Топ жарып, өрлей ұшып, қанат қағып.
Сен, Әжек, Тәңрі атып, мақтанасың.
Мақмұтың Керей құлдан өлді не ғып?

Әжек:
Бұзығын біздің Албан өлтіргені,
Қисығын түзу жолға келтіреді.
Мұндайды айта берме, есі кеткен,
Шоқынып, Сыздық неге тентіреді?

Шәріпжамал:
Әй, Әжек, естіп пе едің бұрын мұны.
Білмесең бері қара, сөздің шыны.
Сен неге, Тәңрі атып, мақтанасың,
Мақмұттың қайда кетті бір топ ұлы?

Әжек:
Айдатып Жантай барған Ақмолаға.
Жігітке дәулет бітпей бақ қона ма?
Тіленіп, батыр Сәтбек қайтып келген,
Құдайым, мұнан артық жақ бола ма?

Сол Сәтбек дүниеден кеткен көшіп,
Құдайым берген екен артық несіп.
Орнына Шаңтай Құран оқымады,
Жүрсе де, жанқалтасын ақша тесіп.

Шәріпжамал:
Біркеңді мен білемін, Туғанбайды,
Ежелден жамандыққа туғандай-ды.
Көрмедім Онтағардай сімтік елді,
Бақайдан кет десем де, жоғалмайды.
Үйіне Абиырдың қонақ қонбас,
Сорлы Әжек баласымен қоғамдайды.

Әжек:
Асының күні суық, жауын жауған,
Елің көп аспай жүрген осы таудан.
Мен кірсем Абиырға ол да – өз үйім,
Жүргем жоқ қайыр сұрап Қаңлыдан.
Несіне көрмегендей мақтанасың,
Жантайың Аңламастан сауын сауған.
Бас ұрып Аңламастың үш биесін,
Зорға алды ер дейтінің қайтпас жаудан.

Шәріпжамал:
Аңламас жас күнінде есек сатқан,
Жүргенде есек сатып есеп тапқан.
Харам мақлұқ ақшасын жанға салып,
Не іздеді Аңламасың Мекке жақтан?

Әжек:
Байырын Аңламасым білген екен,
Есекті пайғамбар да мінген екен.
Жантайың Аңламастан сауын алмаса,
Сабасын керегеге ілген екен.

Шәріпжамал:
Қаңлының етек-жеңі кең болады,
Бұл Бақай қыдыр шалған жер болады.
Албандай кеусен сұрап, қыдырмаймыз,
Ақ бидай елім еккен, кен болады.

Айтпаймын Албан жедік тарыларын,
Сұлысы атқа жақсы жем болады.
Еліңе [әкет] Қаңлының ақ бидайы[н],
Күш беред, ауруыңа ем болады.

Әжек:
Біздің ел астық салмай, өліп жүр ме?
Қаңлы көпке бидай беріп жүр ме?
Қыласың жазы-қысы бірдей бейнет,
Сонда да қызық өмір көріп жүр ме?
Жантайың еліңдегі жақсы дейтін,
Неге ұшырай береді мұндай күйге?

Айтыстар

Барлығы: 832 айтыс

Тағы оқыңыз