Кәрібай мен Әсет айтысы (7-бөлім)
Кәрібай Таңатарұлы, Әсет Найманбайұлы · 3 мин оқу
Әсет:
Кім жетер ән-жырымның орамына,
Ұлытау бір келтірер боранына.
Сені мен ермек үшін айналдырдым,
Шын шапсам, жете алмайсың бараныма.
Кәрібай:
Құданың құдіретіне таңғалғандай,
Ертеде Ғәзірейіл жанды алғандай.
Қырымның қызыл желін мен де жидым,
«Сен тұр ғой», тамам Арғын сандалғандай.
Сөз берген сөйлеу үшін патша–құдай,
Сөз тізген маржандай қып тіл мен таңдай.
Өрме жал үш Назардың жүйрігі едім,
Көрген жан дүбірімді аңғарғандай.
Әсет:
Найманның тіл бұлғаман делбесіне,
Көрген жоқ қазақ шыдап сермесіме.
Алдына ақ патшаның ән салғамын,
Сүйсінген жеті болыс ел кеңесіме.
Қайраулы Қарқабаттың қанжарымын,
Жүрмісің көзің жетіп өлмесіңе?
Арғында асыл текті адамым көп,
Мен кепіл қолдан намыс бермесіме.
Кәрібай:
Арғынның тіл бұлғаман шатпасына,
Үйтентек қазан бұзар от басында.
Жасыңда жарты мата көйлек киіп,
Жылаушы ең Белгібайдың қақпасында.
Найманда екі жүзді, мен – наркескен,
Тұр ма екен көзің жетіп шаппасыма?
Әсет-ау, әлі-ақ сенің көзің жетер,
Асыл кездік қын түбінде жатпасына.
Әсет:
Тұсы бір, заманы бір, тұрғысы бір,
Тұлпардың бағы өлшеулі тауаны бір.
Ұлы жүз, менің теңім Үйсін екен,
Кезікпей өз теңіме, құр мысым жүр.
Сөзімді өңменіңнен өткізейін,
Жауапқа, жас тайлағым, сен дайын тұр.
Кәрібай:
Менің де атағым бар, аруағым бар,
Даңқымды естіген жан болған құмар.
Қалайша мен Арғыннан кем боламын,
Кенжесі Жолымбеттің атам – Назар.
Арғындар дауысыма құлақ салар,
Жарысса, бәйгені озып, Найман алар.
Тарихтың тамырына көз жіберсек,
Арғыннан Найман ылғи алда болар.
Арғыннан сөзге жетік ұл туған жоқ,
Найманды сөзге жеңіп, жүлде алар.
Байқарсың, мен – Найманның алтын тезі,
Кезбені шекеге ұрып, жөнге салар.
Әсет:
Кәрібай, ұзын қандай, шолақ қандай,
Қадірлі байға қонған қонақ қандай?!
Сиықсыз, сипатың жоқ қайдан келдің,
Жапанда жалғыз жауға тонатқандай?
Секілді жүнін жұлған тырнадайсың,
Маңыма түрің бар ма жолатқандай?
Надансың, ғылым жақтан хабарың жоқ,
Мінің көп айта берсем қолақпандай.
Кәрібай:
Батырлық, патшалық – бәрі байлық,
Жігіттің қолын байлар, шіркін, тарлық.
Кімде-кім өз елінде мырза болса,
Болады сонда айтуға бойға салық.
Серілік, әумесерлік – бойға қорлық.
Жоқ болса үйде қажет нан мен шайлық.
Бұлданып, қаңғып жүріп неңді алып ед,
Басыңда баспана жоқ меймандарлық.
Әсет:
Есеп қыл, Арғын бай ма, Найман бай ма,
Бақ-мүлкі бар Найманның Қарпықтай ма?!
Тоқсан құс, тоқсан қақпа аброты бар,
Қай Мұрын өлшеседі Шорман байға?
Баласы сол Шорманның кеше Мұса,
Сермесе, қолы жеткен Күн мен Айға.
Азулы Қарқабаттың арғымағы ем,
Кез болдым өлшеспейтін қолау тайға.
Азулы ел айшылық жол өлеңім бар,
Қаларсың түстік жерден сілең катып.
Қаптал тонның битіндей бір жабайын,
Аларсың сол арадан дәмін татып.
Кәрібай:
Есеп қыл Арғын бай ма, Найман бай ма,
Бақ-мүлкі бар Арғынның Назардай ма?
Қаңғыған Найманда Арғын толып жатыр,
Қотыр ат арба шеккен қолау тайға.
Туысын сен сияқты тентіреткен,
Жақының Мұса, Шорман ар қылмай ма?
Ішінде Керей, Найман сөз таластық,
Өнерді көрсетелік осындайда.
Секілді Мұса, Шорман бар мақтаның,
Шашатын тантық сөзді әлдеқайда.
Шорманың Мұсаңменен тең келе ме,
Баласы Келгенбайдың Шерубайға.
Ұсынған шүйіншіге үш жүз жылқы,
Танадай Орта жүзде мырза кайда?
Тыңдаған сөзімізді жан мысқылдар,
Сауданы тез қайырған дәл қылмай ма?