Кәрібай мен Әсет айтысы (2-бөлім)
Кәрібай Таңатарұлы, Әсет Найманбайұлы · 2 мин оқу
Барып ем Тоқжігіттің қасына еріп,
Атын баптап күтемін, бағып беріп.
Қажеті кезегінде боп қалар, – деп,
Үйреткен ата жөнін маған теріп.
Қазақша дәл тамыздың он бесінде,
Бойына Көктұманың түстік келіп.
Қатарлап тігілген үй, қайысқан қол,
Қарасаң, таңғажайып көз жіберіп.
Найманның өскен жері – Қаракерей,
Дұшпанның көңілін басқан теңдік бермей.
Бәйгеге Найман баптап сан қосқанда,
Жері жоқ Кәрібайдың қалған келмей.
Болғанда атам – Байыс, анам – Мұрын,
Жеті атам Жолымбетке құйған нұрын.
Алдында қырық сан Қырым дес бермеген,
Қай қазақ сөз сөйлеген бізден бұрын.
Жігітке оңай емес дүние қумақ,
Нарқы бар осы сөздің талай тармақ.
Арғынның Қаракесек Әсетіне,
Сиязда тәуекел деп, салдым қармақ.
Табылмас жүйрікке ақыл жан сасқанда,
Ақылдың сабыры – жерде, кілті – аспанда.
Бір жігіт Қожағұлда опат болып,
Сияз қып, қытай, орыс бас қосқанда.
Арғын мен Қаракесек сөз сөйлестім,
Алты арыс қырық сан Қырым бас қосқанда.
Бас қосқан төрт үкірдай, елу болыс,
Ұстады екеумізді қолдан-қолға.
Тағы бар жесір дауы, жердің шегі,
Келіпті бұған бола елдің көбі.
Бітімге келу үшін бас қосыпты,
Атақты Керей, Найман бай мен биі.
Сараппен осы жолы теңелмекші,
Арада бұрын болған өштік кегі.
Ту алып, тұлпар мінген елші халдай,
Егескен күндер болды-ау екіталай.
Шығысып екі ханнан сексен шерік,
Құрыпты патшалықты тартып сырнай.
Егесі екі жұрттың болып алды,
Сүлеймен даулы болып ер Жалбағай.
Ат шабыс, қыз қуар мен көкпар болып,
Көрсетпек күш өнерін ер Молдабай.
Қобызын дуылдатып Бұйдаш келді,
Көрсетті екі жұртқа не өнерді.
Осындай қызық, думан жиын болып,
Таңқалдырды орыс пен қытай елді.
Атақты Ақсуаттың тышқан көзі,
Қысы еді-ау, қасиетті асыл сөзді.
Пар ат жегіп, салтанатты пәуескемен
Келгенін бұл жиынға елі көрді.
Сөйлейтін енді келдім біраз күйге,
Жандарал алтын сурет таққан түйме.
Күнін кес, мына дауды тез бітір, – деп,
Кіргізді он екі би сияз үйге.
Кіргізді Бөкенші мен Мамырбекті,
Демежан ғарып шешен, абзал текті.
Жайылған екі патша ел сиязында,
Қаратты ауызына талай көпті.
Алдында Сүлекемнің ән шырқадым,
Жинадым айқайменен тамам жұртты.
Байысқа болды ақсақал Бөкенші – нар,
Білеуші, Тілепалды, Әзібай да бар.
Асылбек, Қыдыр молла, би – Бекбосын,
Омары Мерекемнің өңшең дегдар.
Тілеген, Қабдылсамит, Қалым болыс,
Жапабай асыл бекзат – өңшең салдар.
Ел дауы, ер құнына кесім айтпақ,
Құралған сайыпқыран өңшең көкжал.
Арыстың өстіп кірдім қайырына,
Бас қосқан қытай, орыс жиынына.
Найманның шарықтаған қыраны едім,
Түсем бе, байқаусызда жайған торға.
Алаштың әлібі едім бейне алмастай,
Құдайым, сапарымның артын оңда.
Сөйледім тыңдаушының қалағанын,
Қалауға қасиеттеп жарағаным.
Осындай шаршы топта жүлде әпер деп,
Құрыштап, Төлегетай тағаладың.
Әсетпен сөз сөйлесіп осы жерде,
Арыстың сөз тыңдаттым даналарын.
Сүйтсе де, аты шыққан жампозбенен,
«Тәуекел», – деп, өз ісімді шамаладым.