Кәрібай мен Әсет айтысы (6-бөлім)
Кәрібай Таңатарұлы, Әсет Найманбайұлы · 2 мин оқу
Әсет:
Арыстың жігін бөлген Сара бейбақ,
Біржаннан о да көрген сөзден зардап.
Не шабақ, не шортан боп өшінерсің,
Жазылған қашан сенен біздің қармақ?
Еріксіз ақырында тұралады,
Қаншалық сайраса да, сілеп-қарғап.
Жеңіліп, шын масқара болмады ма,
Басында ысқырғанмен, жыланша арбап.
Білмейтін сөздің жөнін, елдің жайын
Әкепті Найман сені маған арнап.
Емессің менің теңім сөйлесетін,
Кәрібай, сен – тобышақ, мен – бір саңлақ.
Әкелген қолдап-қорғап, би мен болыс,
Мынаны әкетіңдер менен аулақ.
Кәрібай:
Ол – Сара бейбақ емес, анық саңлақ,
Бетіне бар Арғының салған таңлақ.
Біржанды қаңғып келген итше керіп,
Әлі сенен кеткен жоқ өткен зардап.
Сараның жауабының міні бар ма,
Айтпапты қарағайды талға жалғап.
Біржанды сең соққандай мықты жеңіп,
Батыпты сүйегіне өткен зардап.
Сен үшін ел мақтаған үлкен олжа,
Алсаң да, жалғыз тиын бірер жармақ.
Күн көріп кайда жүрсің, кімге сіңіп,
Кім-кімге тең келмейді ойла, барлап.
Кімдікі ішкен асың, татқан дәмің,
Сілеме, тіл тигізіп ел адамын.
Көметін бүгін өлсең, Арғын бар ма,
Адамсың ақылың аз, ойың шағын.
Арғынға неге сыймай, қаңғып жүрсің,
Бар болса, адамшылық баста бағың.
Әкелген құштар болып Найман бар ма,
Сарнаған неге керек тіл мен жағың?!
Әсет:
Делбе ақын ұран салып ел мақтайды,
Үйірін байсалды айғыр ат жақтайды.
Қолыңды көрінгенге тарбайтасың,
Көтеріп иығыңа қу тақтайды.
Көпіріп, ақынсынып елді алдайды,
Ершімді ел ұғарлық сөз таппайды.
Мінерге – ат, киерге киімі жоқ,
Көпестей мыңды айдаған алшақтайды.
Емініп, ешкі сауып, ескі киіп,
Күн көріп, әрең-пәрең жан сақтайды.
Кәрібай:
Жүреді әркім де өзі пайдасына,
Алланың рыздығын алмасын ба?!
Бетіме қу тақтай деп қылдың салық,
Қолыңдағы әкеңнің найзасы ма?
Арғыннан жалғыз тиын алғаным жоқ,
Тентіреп елдеріңе барғаным жоқ.
Жарыдың Найманға кеп, Әсет, атқа,
Кетсең де, қазір өліп, арманың жоқ.
Найманның садақасын күнде алсаң да,
Екен деп анау-мынау арлану жоқ.
Өзіңе келер сөзді түсінбейсің,
Екенсің шын есірік, саңлауың жоқ.
Әсет:
Арғынның алшаңдадым еліменен,
Ен дәулет еркіндеген беліменен.
Кәрібай, ауданыңды қойдым байқап,
Қой жолдас бола алмайды бөріменен.
Далада құс қонбаған бір шалшықсың,
Боласың қайтіп теңдес меніменен?
Жетпейсің шабыс түгіл желісіме,
Сөйлесу маған ұят сеніменен.
Шыңғыстың ат жүгірттім көліменен,
Байқасып ед талай саңлақ меніменен.
Найманда сен де алмас, семсер едің,
Тәңірім айтыстырды-ау сеніменен.
Кәрібай:
Арысым бір тыңдап қал сөз орайын,
Жаратқан шопанды артық бір Құдайым.
Қасқыр қылмай, шопан кылғаныңа разымын,
Байлардың ұрлап жейсің арық тайын.
Көрсетіп сол шопанның қасиетін,
Құланың айғырындай қаңғыртайын.
Келсең кел, айтысуға сөзім дайын,
Жеңіліп қалып жүрме, жеп уайым.
Қасқыр болсаң, қанжығада көрісерсің,
Ит қосып, тірсегіңді қидырайын.
Арғынның алшаңдаған ұлы десем,
Сұранып нағып жүрсің аттың майын?
Найманның шалқып жатқан дәулетінен,
Жалғайсың жүрегіңді келген сайын.