Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Мэлс пен Балғынбек айтысы (1-бөлім)

Мэлс Қосымбаев, Балғынбек Имашев · 3 мин оқу

Мэлс:

Ақ найза, алмас-қылыш елестейді,
Аралап тарихымды ақтарғанда.
Қарағайды шандоздап шабар едім,
Батырдың найзасына сап болғанда.
Біздер оның соңына ерер ме едік,
Тайманның баласына тап болғанда.
Баптағандай бір жылқы болар едім,
Ақтабандай ағама ат болғанда.
Тарихым екі ғасыр толғатады,
Жәңгірден жазатайым тақ қалғанда.
Саясатқа найза емес айла керек,
Сақтайтын құдай керек сақтанғанда.
Қазағым, бірлік болса, тірлік болар,
Балаңды түсір қазір бастан жолға.
Орнына бір-ақ шыққан ұйысқандар,
Қырымнан қырық батыр аттанғанда.
Аруағы асқан қазақтың біреуінің,
Махамбеттің атымен мақтанғанда.
Жапалақтап өлеңнен қар жауады,
Шапалақтап отырсақ шапқандарға.
Ерік пен Әзімбекке тие берсін,
Тағдырын осы айтыстан тапқандарға.
Алматыда айтысқа асыққандар,
Қаршығадай қанатын қаққандарға.
Екі ақын қосылған шығар деймін,
Жұмақта да айтысып жатқандарға.
Армысың, айналайын Балғынбегім,
Сен әзір отырсың ғой аттандауға.
Астананың атақты ақынысың,
Әрине, үйренгесің мақтанбауға.
Күркіретіп көрейік, дүркіретіп,
Ауызынан асыл сөзді ақтарғанда.
Ағайын, оразаңыз қабыл болсын,
Осы айда қасиетті айт басталғанда.
Айт болғанда айтысып қалайық деп,
Ақындар тіліменен тас жарғанда.
Бәріне де кешіріммен қараңыздар,
Тас жармай біреулері бас жарғанда.
Ассалаумағалейкүм, ал ендеше,
Айтыспен оразасын ашқандарға.

Балғынбек:

Тұлпардай шаршы топты жардым күндіз,
Түн болғанда төбеден алдым жұлдыз.
Өзіңізбен түскенім қиын болды,
Шыққаны дұрыс еді балдыз бір қыз.
Мэлс аға, бұл тойда топты жарып,
Халқыңа рухты жырдың нарқын білгіз.
Махамбеттің тойында бәрімізді,
Кетпесін дөңгелетіп жалғыз қырғыз.

Армысың, Мэлс аға, адуынды,
Көптің бірі емессіз кәдуілгі.
Қара алтындай көремін қадіріңді,
Сары алтындай дер едім сабырыңды.
Ақжайық аруыңды қорғайтындай,
Қапсырынып келіпсің қаруыңды,
Атамыздың тойында мен тілейін,
Тұлпардай шаршы топты жаруыңды.
Шын жүректен қуанып озып келсең,
Шым жібектен жабармын жабуыңды.

Көрермен мың теңгеден билетті алған,
Айтысқа балаларын сүйреп барған.
Отыз екі ақынды тыңдау қиын,
Көбінің тағаты да қирап қалған.
Тастөбеде Жәңгірді он күн күтіп,
Исатайдың қолындай сиреп қалған.
Қазақты дүрліктірген даңқың, Мэлс,
Бабыңыз бәлкім артық, бәлкім кеміс.
Құйыла келгенменен таңдайға өлең,
Бұйыра бермейді ғой әр күн жеңіс.
Қара жерді бізбенен бір басасыз,
Аяққа кисеңіз де алтын кебіс.
Тартысқа жан беретін жарқын Мэлс,
Айтысқа дәм беретін «Анкл Бэнс».

Мэлс:

Не десең де Балғынбек,
Мен айтысқа шыдаймын.
Жасым үлкен демеймін,
Ара-тұра сынаймын.

Сөздеріңе қарасам,
Өзіңе де ұнаймын.
Мына тұрған халайық,
Бірікпеген десеңіз,
Махамбеттей мұңайдым.
Маңғыстаудың ойынан,
Бес қаланың бойынан,
Сүйінқара батырдай,
Атақозы батырдай,
Қалың әскер қол ертіп,
Бері қарай құлаймын.

Махамбеттің бұл тойы,
Бәрімізге себеп қой.
Тарихыңды ақтарсаң,
Таңғажайып дерек қой.
Айналайын, Балғынбек,
Хайлайлімге салсайшы,
Өз-өзіңді демеп қой.
Өзбек пенен қырғыздан,
Бауырларың келгенде,
Бұл да бізге көмек қой.
Жаңағы айтқан сөзің бар,
Еске салып елеп қой.
Бір қырғыздан бәріміз,
Осы айтыста шаң қапсақ,
Домбыраны музейге,
Тапсыруымыз керек қой.

Балғынбек:

Ағайын, орныңыздан тұрмаңыздар,
Тағатын құлағыңа сырғамыз бар.
Ауылға Сүгір жырау келгендей-ақ,
Мэлсті мейірлене тыңдаңыздар.
Махаббаты еліне Махамбеттей,
Исатайдан аумайтын тұлғаңыз бар.
Қобыланды батырдай қайсарлығы,
Қабыландай қайратты сұлбаңыз бар.
Сырым батыр секілді шешендігің,
Сөзіңде содан жеткен сырлы аңыз бар.
Бастайық қан майданды дегендейін,
Қасқайып отырыста бір маңыз бар.
Қашаған, Ақтан, Нұрым, Абылдардың,
Тілінен туған таза тұнбаңыз бар.
Ағайын пір Бекеттің ұрпағы еді,
Сөзімді күпірлікке бұрмаңыздар.
Мэлстей ақыныңды мен мақтайын,
Шын болмаса шапалақты ұрмаңыздар.

Айтыстар

Барлығы: 832 айтыс

Тағы оқыңыз