Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Дәулеткерей мен Оразалы айтысы (5-бөлім)

Дәулеткерей Кәпұлы, Оразалы Досбосынов · 3 мин оқу

Тағдырдың тартқан азабын,
Тәубеңе келгін, қазағым,
Осы бір сөзім жалған ба?!
Ал, Ораз, енді дайындал,
Сөзімді менің жалғауға.
Астана жұрттың алдында,
Қырандай биік самғауға.
Халықтың бағын жыр етіп,
Ынтымағын ту етіп,
Абылай жолын жалғауға,
Қазаққа бірлік қамдауға.
Айналайын, ағайын,
Осылай міне сөйледім,
Жалғанды тәтті демеңдер –
Боқ болмайтын бал бар ма?!»
Осылай Дәулет айтады,
Ораз секілді балдарға.

Оразалы:

Енді Ораз ақсыншы,
Ағын судай аға алса.
Көрсін мына Дәулетім,
Мінімді бүгін таба алса.
Ойларыңды оюлап,
Кеттің-ау Омар Хаямша.
«Бұзау тіс менің сөздерім,
Бұтыңнан шағып шаянша».
Құлагер аттай қызынып,
Құлдыраңдап шаптың қоянша.
Бақырауық келер ақ серке,
Бауыздалар шақ таянса.
Айғайға қаны қызынбай,
Бақсыз жерде бап шаппас.
Алладан бұйрық бұйырмай.
Арғы атам Көдек ақын ед,
Өлеңнің асқақ туындай.
Шарғын мен Қойдым сөйлесе,
Шөл қандырыпты ел кеше,
Әбіл Хаят суындай.
Таңжарық ақын сөйлепті,
Қылықты екен сөздері,

Қызайлардың қызындай.
Қазағым бөлек ел дейм деп,
Патшаға қарсы сөйлейм деп,
Қытайға кеше қуылды-ай.
Дулат бабамның тойында,
Мен осылай сөйлеймін.
Булығып босқа тығылмай,
Сылдыр судай сұйылмай.
Өйтпесем, мені кешірмес,
Атам Жамбыл, Сүйінбай.
Құлан аяңға салайын
Құлмамбеттен қалған құлындай.
Сен қолдап берсең өр елім,
Күшіне енер өлеңім,
Күшала қосқан қымыздай!

Сөз бастатқандай шешенге,
Жол бастатқандай көсемге,
Алладан жауған нұрдайын,
Нөсерле тілім, нөсерле!
Байлығындай Қазақстанның,
Миллиардтап шашқан шетелге.
Жырымменен шашу шашайын,
Атымтай жомарт осы елге.
Дәулеткерей, бұл сөзді ұғарсың,
Саңылау болса жетеңде.
Келімсектер жүр кекіріп,
Меншігіміздегі мекенде.
Етегіне пышақ жаниды,
Ет туратсаң солай есерге.
Бұл сөзімді айтайын,
Елбасында отырған
Үлкенді-кіші дөкейге.
Көрмеген болып көрсе де,
Еті өліп кеткен көкең де.
Дулат бабамның тойында,
Бекер де бекер кетем бе?
Халайық, енді қиқу сал,
Дулат бабам айтқандай:
«Көмбеге таяп келгенде
Жүйрікке керек көтерме!»

Дәулеткерей:

Ораз ақын көсіліп,
Алдыңда ақты бұлақтай.
Саптап бір алған сөздері,
Қолға тұрмас сынаптай.
Ораздың айтқан сөздері,
Арқамды барад шыдатпай.
Дәулетті ақын демеңдер,
Асқарынан Алтайдың,
Ағыл-тегіл жыр атпай.
Аққан жыры сол таудан
Жартастарды құлатпай.
Айналайын, ағайын,
Айтыстырып біздерді,
Пейілің болсын шуақтай.
Қасымдағы Ораздың
Тамыры қатты қуатты-ай.
Жағдайы мұның не болды,
Ағайын – жұртым қараңдар,
Танауынан су ақты-ай!

Басыңды сүйрегенде өлең төрге,
Жаяды қанаттарын ел өркеңге.
Айтасың бізде жүрген келімсекті,
Ол да менің тілімді бөгелтер ме?
Ораздай асыл туған ақыныңның
Тілінен аға берсін өлең-терме.
Дегенмен байлығымыз сыртқа шықпай,
Қалса екен ұлан-байтақ кең өлкемде.
Бөтегесі бұлтиған байшыкештер
Көсегесін халқымның көгертер ме?!

Шайырын шапағатты ел іздей берсін,
Ақын қалай маржан жыр тізбей келсін.
Жаратқан берер болса жақсылықты,
Менің мынау халқыма үзбей берсін.
Сүйінбай, Жамбылдардың тұқымы ед деп,
Айта жүрер қандасым сіздей болсын.
Халықтың ықыласын қандыратын,
Айтысқан ақындарың біздей болсын!

Оразалы:

Ісім жоқ Дәулеткерей есебімен,
Ақындарды айырмасын осы елінен.
Тапал десең тапал де мына мені,
Оған, шіркін, дәл бүгін кетеді нем?
Жолды бойлап өсетін бамбук құсап,
Бір кеште найза бойы көтерілем.
Қалай ұқсаң, солай ұқ бұл сөзімді,
Дәулетжан, мен осылай өсе білем.

Сөздерің, қарап тұрсам, жаңылды ұсақ,
Мен өссем, тереңде өсем тамыр құсап.
Жерді түгел көгерткен мамыр құсап.
Сен енді сорайып солай кете бергін,
Кәдімгі қара ағаштай барыңды сап.

Танауымнан су ағып,
Таңдайымнан жыр ағып,
Дәмі бар сөзің болса егер,
Көрейін бүгін құба-құп.
Отырған осы орныңда,
Қағайын ба сына қып.
Айналайын, Дәулетжан,
Таусылып қалмай тұрғанда,
Енді екеуміз тұралық.
Қол алысып осында,
Мойынды елге бұралық,
Тату елдің ұлындай,
Ақын елдің ұлындай,
Құшақтасып шығалық!

2003 жыл.

Айтыстар

Барлығы: 832 айтыс

Тағы оқыңыз