Ринат пен Аалы айтысы (3-бөлім)
Ринат Зайытов, Аалы Тұтқышев · 2 мин оқу
Ринат:
Қырғызға жауап берсе шырқар ұлың,
Жаныма шабыт берер бір Тәңірім.
«Боксқа шыққандайын бұлдандың» деп,
Мынаның көрдіңдер ме бұрқануын.
Бауырым, мен әу бастан осындаймын,
Өйткені ұлылардың ұнтағымын.
Қырғыздың он батырын жекпе-жекте,
Жеңіп кеткен Қабанбайдың ұрпағымын.
Бауырым талай-талай жыр арнайды,
Түлкінің құйрығындай бұлаңдайды.
Қазақтар Қырғызстанға бара қалса,
Біз сендерден мықтымыз деп лаңдайды.
Қонақ болсаң мен рас қарсы аламын,
Менің елім қонақжай, біл ондайды.
Қонақ бірақ қойдан жуас болу керек,
Демеймін сені ондайды ұға алмайды.
Біздің қазақ төрін беріп қойғанменен,
Ешқашан төбесіне шығармайды.
Айтайын енді жырымды,
Жырымды және сырымды.
Өтірік шынын кім білсін,
Бауырлығың білінді.
Бірақ қазаққа теңеме,
Қомызыңа тағылған
Әнебір үш қылыңды.
Қазақ деген бес әріп,
Бес саусағымдай бесеуі.
Үш саусағым - үш жүзім,
Қожа мен төре – екеуі.
Жұмылғанда кәдімгі
Жұдырық болып кетеді.
Бар әлемге белгілі
Қазақтың қандай екені.
Айналайын, Аалы,
Таяқ етке жеткенмен
Сөз сүйектен өтеді.
Сахна деген әу бастан -
Айқастардың мекені.
Қонақпын десе, Аалы,
Айта алам мен де байтақ ән.
Ат мінгізіп астына,
Шапан жауып қайтарам.
Қазақ қырғыз емес қой,
Қонақ боп келген адамын
Жабылып ұрып жайпаған.
Кезегім келсе сөйлейін,
Шалқытып шалқар шабытты.
Тәуелсіздік тойында
Тамсантып мынау халықты.
Аалының айласы -
Өзгерте салды бағытты.
Біраз мысал тарихтан
Түгендеп тағы алыпты.
Баяғыдай екпін жоқ,
Момын бола қалыпты.
Менде де ақыл жоқ екен,
Қыран деп жүрген тауықты.
Құланнан қашыр оза алмас,
Барыс жем болмас төбетке.
Тарихты білем дейді ғой,
Мына отырға желөкпе.
Мен саған айтып берейін,
Тарихтан мысал керек пе?
Қалай сабақ берейін,
Сен секілді бөбекке.
Құлағыңды сал бері,
Мынадай дәлел, дерекке.
Әнет баба тұсында
Қазақ пен қалмақ соғысқан.
Жаратылған намыстан
Менің қайсар қазағым,
Тайсалмай сонда алысқан,
Барысқан жерге барысқан.
Жеті өгіз деген өзенде
Қырғыздар малын бағысқан.
Қалмаққа беріп жылқысын,
Қазақты шап деп жабысқан.
Қалмақ жеңіліп қалған соң,
Қырғыздар қапы қалысқан.
Қазағым менің бауырым деп,
Әңгімесі ауысқан.
Осыны айтқан айтпақшы,
Сен жақсы оқып, білетін
Шәкәрім дейтін данышпан.
Арғысын тағы айтайын,
Санаңа салып қайтайын.
Өтірік емес, расында,
Он сегізінші ғасырда.
Кеспеп пе еді қырғыздар
Тоқсан жеті батырдың
Бір-ақ күнде басын да.
Міне, осы себептен
Қырғызды шауып алам деп,
Абылай-хан мінген ашуға.
Әруағын шақыра
Аттанған мініп атына.
Тоқсан жеті батырым,
Қырғыздың шебін мың бұзған.
Көкжал Барақ, Шынқожа,
Айнымаған жұлдыздан.
Бастарынан солардың
Әтеке деген атаңыз
«Кәлләмұнара» тұрғызған.
Бұрынғы мен соңғыда
Не жақсылық көріп ем,
Ақ қалпақты қырғыздан.
Кененің басын кеспеп пе ед
Жолдастықтан жаңылып.
Наурызбайды итке талатқан,
Қапыда ұстап жабылып.
Осының бәрін Қатаған
Он сегізінші ғасырда
Сүйінбайға айтқан қағынып.
Сүйінбай жауап бергенде
Көмейден өлең ағылып,
Сенің қағылез атаңның
Ауызы қалған жабылып.