Қожанасыр мен елубасы
1 мин оқу
Бір күні елубасы Қожанасырды шақырып алып:
—Қазір үйіңізге барып немесе біреуден хабар айтып, тамақ істетіңіз. Ауылымызға мыңбасы келген екен. Сізге жолығып үйіңізден дәм-тұз татпақ ойы бар,—депті.
Қожанасыр «мақұл» депті де, есегіне мініп, үйіне қарай кетіпті. Елу басы айтқан мезгілінде мыңбасыларды ертіп жетіп келеді. Қожанасырдың тар үйіне зорға сыйғызып, жайғасып отырған соң:
—Қане, қолға суыңды құя бер,—депті елубасы.
Қожанасыр олардың қолына су құйып болғаннан соң ғана:
—Әлі қазан асылған жоқ еді,—деді.
—Е, неге?—деді елубасы.
—Бәрі бар ғой, бірақ бір нәрсе жетпей, қарап қалдық.
Елубасы:
—Немене еді?
Қожанасыр оның құлағына сыбырлап тұрып, қасындағыларға естірте:
—Сойылатын қой да жоқ, егер сатып ала қойсақ, ақшасын кім төлейді?—депті қолын омырауына қойып, құрметпен егіліп тұрып.