Білгендерің білмегендеріңе үйретіңдер
1 мин оқу
Бір күні Қожанасыр халықты жинап алып, өзі мінбеге шығып:
—Жарандар, менің не айтқалы тұрғанымды білесіздер ме?—деп сұрайды.
—Жоқ, білмейміз,—деседі.
—Білмесеңдер, айтудың да қажеті жоқ. Бәрібір білмейсіздер,—деп мінбеден түсіп кетеді.
—Әттеген-ай, «білеміз» деп, әңгімесін естіп алуымыз керек екен-ау,—деседі біреулер.
Бір кезде Қожа мінбеге тағы шығып:
—Жарандар, менің не айтқалы тұрғанымды білесіздер ме?—деп сұрайды. Халық:
—Білеміз,—дейді. Қожа:
—Білсеңдер, мен несіне айтып әуре болайын,—деп мінбеден тағы да түсіп кетеді.
—Қап, бекер болды-ау. «Білетініміз де, білмейтініміз де бар» деп, әңгімесін естіп алуымыз екен-ау,—деседі жұрт.
Әлден уақытта Қожа мінбеге үшінші рет шығып:
—Жарандар, менің не айтқалы тұрғанымды білесіздер ме?—деп сұрайды. Отырғандар:
—Білетініміз де, білмейтініміз де бар,—дейді.
—Ендеше, білетіндеріңіз білмейтіндеріңізге үйретіңіздер,—деп Қожа мінбеден түсіп, кетіп қалады.