«Сөйлеп қал, сөйле, тілім, арыс келді...»
Шал ақын Құлекеұлы · 1748–1819 · 64 жол
Сөйлеп қал, сөйле, тілім, арыс келді,
Алдыңа сөйлейтұғын намыс келді,
Сөйлеп қал, сөйле тілім, осындайда
Қысқарып ұзын дүние қарыс келді.
Сөйлеп қал, сөйле тілім, иең келді,
Алдыңа сөйлейтұғын жүйең келді,
Сөйлеп қал, қызыл тілім, осындайда,
Қысқарып ұзын дүние сүйем келді.
Сөйлеп қал, сөйле тілім, өлмей тұрып,
Басыңа кезекті өлім төнбей тұрып,
Сөйлеп қал, қызыл тілім, осындайда,
Өзіңе жала-қауіп келмей тұрып.
Сөйлеп қал, сөйле тілім, бақ барында
Басыңда сөйлейтұғын жақ барында,
Сөйлеп қал, қызыл тілім, осындайда
Артымда мирас қалсын жастарыма.
Жастарға бақыт, байлық ден сау болса,
Тауфиқтан айрылады жемсау болса.
Ер жігіт қапалықпен қартаяды,
Қатын жаман, мінген ат қырсау болса.
Жастарға жақсы есім молла деген,
Арамға жарамайды алла деген,
Беліңді тəуекелге бек байласаң,
Бөрі мен ер азығы жолда деген.
Ата-ананың қадірін
Балалы болғанда білерсің,
Ағайынның қадірін
Жағалы болғанда білерсің.
Дəулетіңнің қадірін
Мал кеткенде білерсің,
Маңайдағы дұспанды
Түн жеткенде білерсің.
Қона берсе жерің тозар,
Шаба берсе елің азар,
Жасай берсе ерің азар,
Ерің азған кезінде, елің азар.
Ханнан тақыт таярда
Қарашы жұртпен қас болар,
Байдан бақыт таярда
Дəулетіне мас болар,
Кəріден абырой таярда
Аңдығаны ас болар.
Жетесіз туған жігіттер
Жиырма бесте жас болар.
Көкала көл, нар қамыс,
Қар үстінде от жанар,
Баласы жаман туғанның
Əкесін түйе үстінде ит қабар.
Біз-дағы келіп қаппыз елулерге,
Ілгері көз саламыз керуенге.
Алпыс барсаң, жетпіс тұр көлденеңдеп,
Шақырар замандас жоқ бері кел деп.
Жетпіс келсең, сексен тұр арағырақ,
Барсаң тұсау салады тарағырақ,
Үш жүзге басшы болып өтсең-дағы
Билікті алады екен қатын, бала-ақ.
Егерде тоқсан барсаң, жатқаныңыз,
Мылжыңдап бала сөзін айтқаныңыз,
Аяқты бір басуға халің келмей,
Алаңсыз біржолата қатқаныңыз.
Сабының сақар болсын, дені, келін,
Көрмедің шыбын құрлы мені, келін,
Жұрт сыйлаған басымды күлге теңеп,
Жаярмын талай жерге сені, келін.