Сұрау – жауап
Шал ақын Құлекеұлы · 1748–1819 · 28 жол
Сонда Шалдың айтқаны:
Біз алыстан келеміз тас артқандай,
Ауып, талып келеміз бос артқандай,
Жасың кіші болса да құлақ кəрі,
Қыздың жауабы:
Кəрілікке дауа бар ма жасартқандай?
Алыстан келемісің тас артқандай,
Ауып, талып келемісің бос артқандай,
Құлағың тыныш, төсегің қалың болса,
Одан басқа дауа жоқ жасартқандай.
Қатын шайпау болғаны – болмағаны,
Келін шайпау болғаны – оңбағаны.
Оған да ақ ұн менен сары май керек,
Қапталдап қалың сордың қоймағаны.
Тасқа неге қонайын тау тұрғанда,
Судан балық құтылмас ау тұрғанда,
Теңің тауып тереңге қолың серме,
Он кісімен қонасың тым құрғанда.
Жігіттер, шамаң келсе, шалқып, толқы,
Алпыс тəнің денеңде сау тұрғанда.
Қасыр-құсыр шайнайтын қайран тісім,
Тіс кеткен соң кетті ғой менің күшім,
Кесек-кесек турайды, өзі жейді,
Жаны ашиды деп сенген жақын кісім.
Кəрілік бізге келді кезіменен,
Келін жаман қарайды көзіменен,
Тұрып келіп қолымен ұрмаса да,
Ұрғандай-ақ болады сөзіменен.