Мешкей кәрілерге
Шал ақын Құлекеұлы · 1748–1819 · 43 жол
Айта берсе таусылмас Шал кеңесі,
Мешкейдің жіліншік өтер кең өңеші.
Алдына келген асты жаудай шабар,
Басқаның болса-дағы несібесі.
Құр мен дуадақ шөлді біледі,
Қарға мен құзғын елді біледі.
Ұятсызға бас пенен жамбас қойсаң,
Қорқау қасқыр секілді жеуді біледі.
Иман – қой, ақыл – қойшы, нəпсі – бөрі,
Бөріге қой алдырмас ердің ері,
Таяқты қатты ұстап қойшы тұрса,
Жоламас ешбір пəле шайтан-пері.
Арам болса қашады су кісіден,
Естімеген сөз шығар сұм кісіден,
Кітап – құран айтқаны рас болса,
Ұжмақ көрер бір жан жоқ бұл кісіден.
Жарлығы екі болмас хақ құдайым,
Жанында серігі жоқ тақ құдайым,
Жанымды алсаң, құдая, иманмен ал,
Шайтанның қазасынан қақ, құдайым.
Шежірелі қартың болса,
Қағазға жазған хатың деген,
Қарттың сөзі кітапқа жақын деген.
Жер ортада өлмесін атың деген,
Ер ортада өлмесін қатының деген.
Жігіттің алған жары жақсы болса,
Иманыңнан басқадан жақын деген.
Жігіттің алған жары жаман болса,
Қаншық иттей тақымдар кəпір деген.
Ата-бабаң үлгісі
Қазылған қара жолмен тең,
Ағайының көп болса
Ұлұғ əскер қолмен тең.
Жігіттің алған жары жақсы болса,
Жұмақтағы хормен тең,
Егер де жаман болса
Мына маңдайға біткен сормен тең.
Уа, жігіттер,
Əйел алсаң қарап ал, ақылдысын,
Ол сенің ақыреттік жақын кісің.
Келген мейманыңды жəне туғаныңды
Бірдей тəрбиелеп,
Ол жəне ұмытпасын хақтың ісін.