Екі келін
Шал ақын Құлекеұлы · 1748–1819 · 12 жол
Көшкенде көлік болмас түйе алдында,
Еруде сауын болмас бие алдында,
Ақырған аждаһадай аю келін
Біз түгіл, құдайынан ұялды ма.
Келінде де келін бар сара келін,
Кей келін ас бермейтін қара келін,
Кез келгенге түсіріп құрмет еткен
Анамыздай болмай ма, мына келін.
Біздерді алдап келер дүние ғаяр,
Сөйтіп жүріп адамға уын жаяр.
Қолыңды жарты сағат босатпайды.
Бірін тапсаң, тұрады бірі даяр.